Ағымдағы жылдың 2 айында кісінің мүлкіне қиянат жасағандар саны 1186-ны құраған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 8 пайызға төмен. Дегенмен пәтер тонаушылардың саны көбейген.
Бұл туралы қала прокуратуры Бекзат Сейілхановтың төрағалығымен «Бөтеннің мүлігі және мал ұрлығына қарсы тұру жұмыстарынның деңгейі» тақырыбында өткен сала аралық жиналыс барысында айтылды. Басқосуға облыстық прокуратураның, қалалық полиция бөлімдерінің және Кәсіпкерлік палатасының өкілдері мен қала әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай қатысты.
Жиында қала прокуроры өзі басқаратын құзырлы орган жүйелі түрде бөтеннің мүлкін ұрлау деректері бойынша тіркелген қылмыстарға талдау жасалынып отыратындығын тілге тиек етіп, статистикалық мәліметтеркелтірді. Оның сөзінше, ағымдағы жылы қала аумағында 1 086 бөтеннің мүлкін ұрлау деректері тіркелген, яғни өткен жылмен салыстырғанда 8% төмендеген. Бұдан бөлек мал ұрлығы да 14 тен 9 дейін азайған. Сондай-ақ қазіргі таңда өзекті болып отырған ұялы телефон ұрлықтары да 495 тен 324 дейін төмендеген. Алайда, аталған санаттағы қылмыстардың едәуір төмендегенімен, пәтер ұрлығының 154 тен 209 дейін өсіпті. Сонымен қатар өткен жылы бөтеннің мүлкін ұрлау дерегімен тіркелген 6 152 қылмыстық істің 4 619-ы іс ашылмаған. Осы жағдайға байланысты тергеу мерзімі үзілген. Бұл мәселенің үлкен алаңдатушылық тудырып отырғанын қадап айтқан Бекзат Сағатұлы полиция бөлімдерінің басшыларына жұмысты күшейту қажет екенін ескертті.
Жиында хабарлама жасаған қалалық прокуратураның бөлім басшысы Болат Мұстафаев бүгінгі күні жасалып жатқан әрбір ұрлықтың екіншісі – ұялы телефон болып жатқандығын мәлім етті. Мәселен, шаһарда жыл басынан бері ұялы телефон ұрлығы бойынша 324 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелгенімен, оның 80 пайызы ашылмаған. Осы мәселеге орай «Мобильник» жобасын жүзеге асыру мақсатында қала прокуратурасымен қалалық білім бөліміне, білім ордаларында ұялы телефон пайдалануды шектету туралы хат жолданыпты. Мұндай қылмыстың ең көп болатын жері ол қоғамдық көліктер екен.
– Қала аумағында жолаушы тасымалдаумен айналысатын барлық қоғамдық көліктерге, аталған санаттағы қылмыстары үшін жауапқа тартылған тұлғалар туралы мәліметтер орнатылған. Сонымен қатар облыстық ІІД-не және хаттама толтыруға уәкілетті жергілікті атқарушы органдарға, хаттама толтыруда ұялы телефонның міндетті көрсету туралы нұсқау жолданған, – дейді Болат Мұратұлы.
Бүгінде шаһарда «Стоп кражам» жобасын жүзеге асыру барысында қаланың картасы әзірленіпті. Ол картада қала аумағында орналасқан ломбардтар, түрлі-түсті металл қабылдау орындар, базарлар, ойын-сауық орталықтар, бейнебақылау камераларымен жабдықталған орындар және ұрлық дерегі көп орын алатын аумақтар көрсетілген. Осы мәселе бойынша, қала прокуроры Бекзат Сейілханов шаһар басшысының орынбасары Кенжебек Олжабайға 5 және 7 мөлтек аудандардағы мектептердің маңында орналасқан көпқабатты үйлерге қосымша бейне бақылау камерасын орнату қажет екендігін жеткізді. Өйткені, бөтен мүліктің ұрлану деректерінің басым бөлігі қаланың мөлтек аудандарында орын алуда екен. Себебі аталған аудандар сырт бейнебақылау камералары және жарықпен қамтылмаған. Бұл ұсынысты қолдайтындығын айтқан Кенжебек Мамашбайұлы көтерілген мәселенің ортақ екендігін мәлім етіп, қоғамдық кеңесте көтеретіндігін атап өтті. Сондай-ақ ол кешенді жоспар дайындау жөнінде өзінің ұсынысын білдірді.
Сонымен қатар басқосу барысында бүгінгі таңға дейін ішкі істер басқармасының криминалдық полиция бөлімшелерімен бөтеннің мүлкін ұрлаумен айналысатын бірде-бір қылмыстық ұйым әшкереленбегені сөз болды. Мәселен, өткен жылдың қазан айында облыс прокуратурасымен қоғамдық көліктерде жасалатын ұрлық деректерінке қатысы бар қылмыскерлерді әшкерелеу мақсатында облыстық ІІД-не «Безопасный танспорт» атты науқан өткізуді жүктеген болатын. Алайда аталған тапсырма Тараз қалалық ІІБ-мен және оның бөлімдерімен орындалмаған, яғни, бірде-бір қылмыскер қоғамдық көлікте ұсталмапты.
Жиын соңында профилактикалық жұмыстың жоқтығы және тиісті талдаудың жүргізілмеуі қылмыстық қудалау органдарының жұмысының төмен деңгейде екенін көрсететінін жеткізген Бекзат Сағатұлы полиция бөлімінің басшыларын жұмысты барынша күшейту қажет екендігін баса айтты.
Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ