Бұл игі бастама – қоғамда кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру, отандық авторлар мен баспаларды қолдау, жалпы кітап мәдениетін кеңінен насихаттауға бағытталған.
Аталмыш іс-шара аясында аудандық партия филиалы жанындағы «Кітап–AMANAT» орталығының кітаптары көпшілікке қолжетімді болу үшін аялдама жанындағы арнайы сөрелерге қойылды. Жергілікті тұрғындар осы жерге аялдап, түрлі жанрдағы кітаптармен танысып, өздеріне ұнағанын оқуға немесе сатып алуға мүмкіндік алды.
Іс-шара барысында «Қалай кітап оқуға ынта қалыптастыруға болады?» тақырыбында шебер-сынып ұйымдастырылып, сөрелердегі кітаптарға мазмұнды шолулар жасалды. Қатысушыларға кітап оқудың маңызы мен пайдасы туралы жан-жақты ақпарат ұсынылды.
Шараның құрметті қонақтары қатарында аудандық мәслихат депутаты Гүлнәр Ермекова, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Қайрат Оралов, ардагерлер кеңесінің мүшесі Шәріп Абдурасулов және аудандық өлкетану музейінің директоры Асхат Үкібаев болды. Олар кітаптың адам тәрбиесіндегі орны, ұлттық сана мен рухани құндылықтарды қалыптастырудағы маңызын ерекше атап өтті.
Жиынды аудандық партия филиалының төрағасы Индира Спаналиева жүргізіп, партияның «Кітап–AMANAT» жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Ол отандық ақын-жазушылардың шығармаларын кеңінен насихаттап, жиналған қауымды кітап оқуға белсенді қатысуға шақырды.
Кітапхана аялдамасы өз жұмысын бір күнмен шектемей, алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын табатыны белгілі болды. Бұл – кітапты күнделікті өмірдің бір бөлшегіне айналдырудың жарқын үлгісі. Мәдениет, білім саласының өкілдері, қоғамдық ұйым мүшелері мен жастар бұл бастаманы оң қабылдап, белсенділік танытты.
Ақпарат Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік ақпараттық тапсырысы негізінде жарияланды