Ұлы Отан соғысының ардагері, қоғам қайраткері Тілеуғабыл Төребековтің тұрған үйіне мемориалдық тақта орнатылды.
Шараға Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров арнайы қатысып, ардагердің адамдық болмысы мен атқарған айшықты еңбектеріне тоқталды.
– Тілеуғабыл Төребековтің есімі мәңгі жадымызда. Оның өңіріміздің дамуына қосқан үлесі ұшан-теңіз. Мемлекеттік қызметте жүргенде қоғамдағы өзекті мәселелердің оң шешімін табуына зор ықпал етті. Жоғарғы Кеңестің депутаты ретінде де билік пен бұқараның арасына алтын көпір орнатып, нағыз көшбасшы қайраткерге айналды, – деген Нұржан Сәбитұлы артында өшпес мұра қалдырған майдангер Жамбыл жұртшылығының жүрегінде мәңгі қалатынын жеткізді.
Келесі кезекте Тараз қалалық мәслихатының төрағасы Кенжебек Олжабай, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Амангелді Кәрентаев, Тараз қаласының Құрметті азаматы Мырзахан Бурханов және майдангердің қызы Светлана Төребекқызы сөз алып, жарқын естеліктерімен бөлісті.
Тілеуғабыл Төребеков 1925 жылы 17 сәуірде Жамбыл ауданының Айшабибі ауылында өмірге келген. 1943-1945 жылдары Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, Отан үшін от кешті. Майданнан оралғаннан кейін әр жылдары Жамбыл қалалық партия комитетінің екінші хатшысы, Жамбыл қалалық атқару комитетінің төрағасы, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің екі шақырылымның депутаты, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы секілді жауапты қызметтерді абыроймен атқарып, облыстың өркендеуіне көп еңбек сіңірді. «Құрмет», «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту», ІІІ дәрежелі «Даңқ», ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен және бірнеше медальдармен марапатталған.