Жамбыл облысы Сарысу ауданының Жаңаарық ауылдық округі ең үлгілі ауыл атағына үміткер. Мұнда соңғы 4 жылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Ауылдық округке Ақтоғай және Ұзақбай Сыздықбаев ауылдары кіреді, онда 1700-ге жуық адам тұрады. Округтегі үш дүкенде алкоголь мен темекі сатылмайды. Жақында төртінші дүкен ашылады, бірақ ол кәсіпкер де ауыл тұрғындарының бастамасын бірден қолдады.
Мұндай шешімді тұрғындар жас ұрпақты азғырмау үшін ақылдаса отырып қабылдаған. Нәтиже бірден байқала бастады. Бұл бастама қылмыс пен құқық бұзушылықтардың, сондай-ақ отбасылық жанжалдардың алдын алады. Бірақ бұл жерде учаскелік полиция инспекторының құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша жүйелі жұмысы да маңызды рөл атқарады.
Учаскелік инспектор Сағынғали Саламатов 5 жылдан бері Ұ.Сыздықбаев ауылында тұрады. Ол өз аумағындағы ахуалды толық меңгеру үшін жүйелі шаралар қолданады: рейдтер жүргізіп, полицияда есепте тұрған адамдарды тұрғылықты жері бойынша тексереді, азаматтық қару иелерінің ережелерді сақтауына тексерулер жүргізеді.
С.Саламатовты барлық тұрғын біледі, егер ауылдық округке сырттан қонақ келсе, учаскелік полиция қызметкеріне бұл туралы дереу хабар беріледі. – Тұрғындар өте тату, әрі белсенді. Маған барлық жағдайда көмектесуге тырысады. Мен олардың сенімін ақтап, өз уақытым мен күш-жігерімді азаматтардың тыныштығы үшін аямай жұмсаймын. Бұл менің міндетім деп білемін. Тіпті кішігірім тұрмыстық дауларды медиация арқылы шешуге тырысамыз. Ауылдардағы жағдай тыныш болса да, мен үлкен жауапкершілікті сезінемін. Өйткені, бірнеше жылдар бойы бірлескен күш салумен қол жеткізген көрсеткішті сақтау мен үшін өте маңызды, – дейді полиция қызметкері. Жамбыл облысында осындай үлгілі ауылдар көп емес.
Бес ауданда 12 ауылдық округ алкогольден бас тартқан. Нәтиже барлық жерде бірдей: олар ең қауіпсіз ауылдар деп танылды. Бұл жұмыста ауыл тұрғындарының даулы мәселелерін шешуге көмектесіп, барлығын бейбітшілік пен келісімге шақыратын ауыл ақсақалдарына үлкен рөл беріледі.
Ақпарат көзі Polisia.kz сайтында: https://polisia.kz/4-zhylda-birde-bir-qylmys-tirkelmegen-zhambyl-oblysynda-auyldar-ishimdikten-bas-tartty/