Тараз қаласының №2 сотында жаппай тәртіпсіздікке қатысу бойынша (ҚК 272-бабының 2-бөлігі) айыпталған 8 сотталушыға қатысты қылмыстық іс қаралды
2022 жылдың 04 қаңтарында Ж., І., Л., Е., Ж., Ә., А. және С.,есімді азаматтар Тараз қаласында күш, вандализм актісін қолданумен, қирату, бұзу, мүлiктi жоюмен, сондай-ақ полиция қызметкерлерінің талаптарына бағынбаумен ұласқан жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқан.
Сотталушы Ж. өз кезегінде 04.01.2022 жылы сағат 19.00 шамасында, тергеумен анықталмаған басқа да белгісіз тұлғалармен бірігіп, қоғамдық тәртіпті өрескел бұзып, құқық қорғау қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбай, оларға қарсы күш қолданып, яғни қорғаныс қалқандарынан бірнеше рет теуіп жаппай тәртіпсіздікке белсенді қатысқан.
Сотталушы А., 04.01.2022 жылы сағат 20:00 шамасында, Жамбыл облысы әкімдігі ғимаратының алдына жиналған топқа қосылып, полиция қызметкерлерінің талаптарына бағынбай, құқық қорғау қызметкерінің резина таяғын күш қолдану арқылы тартып алып, ереуілге шыққан жиынмен бірге жаппай тәртіпсіздікке белсенді қатысқан.
Сотталушылар Е. мен І. 04.01.2022 жылы сағат 21:00 шамасында Тараз қаласы «Жансая» мөлтек ауданында кездесіп, 05.01.2022 жылы түнгі сағат 02:45 шамасында Қазыбек би көшесінің бойына келіп, Жамбыл облысы ПД-нің жол патрульдік полиция батальоны қызметкерлерінің қызметтік көлік құралдарын қиратумен ұласқан жаппай тәртіпсіздік жасап жатқан тергеумен анықталмаған тұлғаларға қосылып, бірге қылмыстық іс әрекеттерін соңына дейін жеткізу мақсатында, екеуі автокөліктен түсіп, аталған көшелердің қиылысында тұрған полиция қызметкерлерінің автокөлігінің капотынан аяқтарымен тепкен.
Сотталушы Ә. өз кезегінде 04.01.2022 жылы сағат 22:15 шамасында Жамбыл облысы әкімдігі ғимаратының артқы бетіне автокөлігін қойып, ғимарат алдына жиналған топқа қосылған. Құқық қорғау қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбай, оларға қарсы күш қолданып, яғни ғимаратты қирату мақсатында қорғаныс қалқандарынан итеріп, бірнеше мәрте тас лақтырып, мүлікті қиратумен ұштасқан жаппай тәртіпсіздікке белсенді қатысқан.
Сотталушы Ж. 04.01.2022 жылы сағат 23.00 шамасында 5513 ә/б әскери қызметшілерінің заңды талаптарына бағынбай, күш қолданып, қызметшінің қолынан резина таяқты тартып алып, соққыға қарсы қалқанынан бірнеше мәрте ұрып-теуіп, жаппай тәртіпсіздікке белсене қатысқан.
Сотталушы Л. 04.01.2022 жылы сағат 22:40 шамасында Жамбыл облысы әкімдігі ғимаратының алдына жиналған топқа қосылып, қоғамдық тәртіпті өрескел бұзып, құқық қорғау қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбай, оларға қарсы күш қолданып, ғимаратқа тас лақтырып, мүлікті қиратумен ұласқан жаппай тәртіпсіздікке белсенді қатысқан.
Сотталушы С. 04.01.2022 жылы сағат 23:00 шамасында құқық қорғау және 5513 ә/б әскери қызметшілерінің заңды талаптарына бағынбай, күш қолданып, олардың соққыға қарсы қалқанынан қолымен итеріп, артынша аяғымен теуіп, жаппай тәртіпсіздікке белсенді қатысқан.
Прокурор – сотталушыларға ҚР ҚК-нің 63-бабына сәйкес, пробациялық бақылау белгілене отырып, шартты түрде 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Жасалған қылмыстардың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін ескере отырып, сондай-ақ процестік келісімнің шарттарына сәйкес, Ж., І., Л., Е., Ж., Ә., А. және С.-ға түпкілікті пробациялық бақылау белгілене отырып, шартты түрде әрқайсысына 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.