Жамбыл облысы Шу ауданында алақандай ауылда екі балаға қастық жасалынды деген ақпарат жертарапты аралап, жаға ұстатты. Онымен қоса, бұл іске ауылдық мешіт имамы көмекшісінің қатысы бар деген дақпырт таралған болатын.
Күдікті ретінде Бірлік ауылының 30 жастағы Тимур есімді азаматы ұсталып, сотқа дейінгі тергеу амалдарын өткізгенге дейін қамауға алынған.
Иесі жоқ ауыл
Жаңа Қазақстан құрамыз деген ұранның бұл ауылға түк қатысы жоқ-ау. Бірлік ауылының тозығы жеткен. Жолдары нашар. Сатылымға қойылған үйлердің қарасы көп.
Жаңадан сайланған ауыл әкімінің келгеніне 1 ай 20 күн болған. Әкім Нұрбек Ошанұлының айтуынша, биылғы жылға жолға бюджет қарастырылмаған. Әкім келгенде бюджет бекітіліп қойған. Ол жолдың 80 пайызы асфальтталынбағанынан хабардар.
Әкімге тіпті ауыл тұрғындарының үйін сатып, басқа жаққа бет алуына не итермелеп жатқаны да аян екен.
«Ауыл кезінде темір жолға қараған. Темір жолда 600 адам жұмыс істеген. Қазір ПМС-те 200 адам ғана істейді. Жұмыс көлеммен емес, тендермен бәрі. Сосын элеваторда 600 адам істеген. 3 құрылыс мекемесі болған. Халық сырттан келіп жұмыс істеген. Қазір көп жұмыс жоқ. Мал жаятын жайылымдар аз. Суармалы жер жоқ. Шамам келгенше осы мәселелерді шешемін» дейді Нұрбек Ошанұлы.
Ауыл әкімі кредитке мал алғанға ауылда жер жоқ екенін түсіндірді. Ауылда небәрі 172 га жер бар. Бірлік ауылының бір шеті Көктебе ауылымен, шығыс жағы Қонаев ауылымен, ал орталығы темір жолмен шектеседі. Ауыл әкімі Нұрбек Ошанұлы ауылдың жағдайы мен оған керек өзгерістер туралы тізіп айтып берді. Бірақ өкінішке қарай, ол екі баланың жағдайынан хабарсыз екен.
Ауыл тұрғындары не дейді?
Бір тал есегін жайғап жүрген егде жастағы апа жантүршігерлік жағдайды елден естігенін айтып, ауылда мұндай болмағандығын алға тартты.
«Мен мүлдем білмеймін. Оны елден естіп жатырмын. Ол баланы көрмегем де, білмеймін де. Өзімнің шалым неше жылдан бері ауру, неше жылдан бері жатыр. Үйден шықпаймын. Міне, мына есекті қайтадан үйге апарамын» деді ол.
Сұрақ қойған бойда «біз білмейміз» деп асығыс жауап берген екі келіншек педофил балалармен бұрыннан жұмыс істеп жүргенін асыға айтты. Басқасын білсе де, іште сақтағысы келген сияқтанды.
Мектеп директоры шындықты жайып салды
Шу ауданы, Бірлік ауылы Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы орта мектептің директоры Жандабаева Ақмаралдың айтуынша, педофилдің құрбаны болған екі бала да толық отбасында тұрады.
Балалар бір-біріне жақын тұратын көршілер. Бір бала мінезі тұйық, екіншісі ашық жарқын бала. Балалардың айтуынша болған жәйт бірінші рет жаз айында болған, екіншісі 8 наурыз күні шамамен 21:00-де ауылдың шетіндегі бос тұрған ғимаратта орын алған.
Психологтардың балаларды сурет салу әдісімен ішкі жан тебіреністерін білу кезінде оқиғаның ізі байқалмаған дейді директор. Мүмкін балалар өздеріне жасалған қиянатты әлі күнге түсінбей жүрген болса керек.
Негізінде болған жәйт туралы зардап шеккен екі баланың анасы күдікті Тимур туралы әңгіме болып, бала сол әңгімеге араласып кетіп, болған жәйттардың бәрін жайып салғанын айтқан. Олар бірден полицияға хабарласқан.
Оқиға үш жыл бұрын болған
Күдікті Тимурды ұстауға және жауап алуына қатысқан Бірлік ауылы учаскелік полициясы, полиция аға лейтенаты Біржан Байжанов ол ауыл тұрғыны екенін және оның ешқандай жаман қылықтарымен көзге түспегенін алға тартты.
«5 уақыт намаз оқып, нақты жұмысы жоқ, жаздың күндері, көктемде егінге шығатын. Өзінің айтуы, көршінің айтуы бойынша есін білгелі, сол егінде. Ешқандай зиян қылығы болмаған. Мен өзім Бірлік ауылына учаскерлік полиция инспекторы болып 2021 жылдың қыркүйегінде тағайындалдым. Сол уақыттан бастап оны ешқандай әкімшілік жазаға тартқан емеспін, ешандай хаттама толтырған емес. Ол жігітке және оның отбасына ағасына немесе інісіне де ештеңе болмаған» деді Бірлік ауылының учаскелік полициясы.
Тимур үш ағайынды. Ағасымен бірге тұратын. Әке-шешесі мен ата-әжесі де осы ауылда тұрады. Ол кісілердің ешқайсысы қылмыс жасамаған. Үнемі ауызашар беріп, салынып жатқан мешітке көмектесіп жүретін. Осындай жақсы істермен көзге түсіп жүрген жандар.
«Болған жайтқа келетін болсақ, жігіт өз еркімен қылмысын мойындап отыр. Жәбірленуші жақ маған қоңырау шалып шақырған кезде мен келдім, сөйтіп жәбірленушімен бірге күдіктіге бардық. Оның бауырлары күдіктіні тауып, хабарласып, мекен-жайын тауып берді. Мен өзім сол мекен-жайға бардым, өз еркімен шығып, өз кінәсін мойындап, менімен бірге барды» деді Біржан Байжанов.
Полицейдің айтуынша, Тимурда суицид жасаймын деген әңгіме болмаған. Ол бұл ақпаратты жоққа шығарды.
«Жігіттің айтуынша, осындай оқиға осыдан үш жыл бұрын анаша шеккен кезде болған. Анашадан кейін шөлдеп, магазиннен 4-5 бөтелке пива алып ішіп, өзінің үйінің жанындағы тұрғыны жоқ үйлерге сәл салқындап алу үшін барған. Пиво ішіп отырғанда жанына екі бала ойнап жүргенін көрген. Бір баланы қуып жіберген. Біреуіне ғана қатысты істі мойындап отыр» деді полиция аға лейтенанты.
Күдікті кінәсін жартылай мойындады
Күдікті Тимур екі баланың емес, бір баланың ғана ісі бойынша кінәсін мойындаған. Қылмыс орын алған кезде жігіттің өзі есін білмейтін жағдайда болғанын айтқан.
«Есімді білмедім дейді. Одан кейін бір күн өтіп кеткеннен кейін не істеп қойғаны есіне түсіп, қайғырған. Сонымен біраз уақыттай өзіне келе алмай біраз жүріп, сосын намазға жығылып, намаз оқып кеткен. Бірақ оны ешкімге айтпаған. Жария болғанын қаламаған. Жария болып, ана балалардың болашағына әсер етеді деп ойлаған.
Ақыры жария болған екен барлығын толығымен айтып берейін сіздерден жасырғанмен, Алла-Тағаладан жасыра алмаймын ғой. Біз білмейтін нәрселерді, жәбірленуші білмейтін нәрселерді өз мойнына алып, мойындап қалай болғанын айтып берді. Сол жерден наркологиялық тексеруге бардық, ол жерден таза шықты. Алкогольдік ішімдікке тексердік, таза шықты. Сол күні, ұсталған күні алып бардық. Өзіміздің полиция бөліміне жеткізіп, сол жерден кінәсін толығымен мойындады. Бізде аз уақыт отырды, екі үш күннен соң қалаға ауыстырдық. Қазір Тараз қаласында» дейді Біржан Байжанов күдіктімен болған оқиға жайлы.
Жәбірленуші тарап мұндай жағдай бірнеше рет орын алғанын айтып, соңғысы бір ай бұрын болды деп арыз жазған.
Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр.
Бірлік ауылы учаскелік полициясы Біржан Байжанов мұндай жағдай ауылдың басқа балаларымен болуы мүмкін емес екенін айтты. Бұл жантүршігерлік жағдайды ауыл тұрғындарының барлығы естіген. Одан кейін ешқандай арыз түспеген.
«Мен өзім полицияда жұмыс істеп жатқаныма 6 жыл болды. Ауылда ешқашан бұндай қылмыс, тіпті ешқандай өсек-аяң да естіген емеспіз. Ешқашан бұндай жағдай болған емес. Ешқандай қылмыс болған жоқ. Бүкіл осы мен жұмыс істеген уақыт аралығында бір-ақ рет мал ұрлығы тіркелді. Бір қылмыс қана. Басқа ешқандай қылмыс болған жоқ. Мен өзім бұны естіп таң қалып тұрмын» деді ол.
Қалай десек те кішкентай ауылда жантүршігерлік жағдайлардан ауыл тұрғындары өздерінің балаларын көз алдарынан тасаға шығармауы керектігін ескерген жөн болар.
Дереккөз: ordakz