Соңғы жылдары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шаралары экономиканың барлық саласында жүзеге асырылуда. Мұның нәтижесін, әсіресе білім беру, медицина, дене шынықтыру және спорт салаларынан, сервистік қызметтерінен, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарынан көруге болады. Өңірде бұл бағыттағы жобалар «тікелей келіссөздер жүргізу» және «конкурс жариялау» тәсілдерімен қолға алынуда. 2017 жылдан бері 8,6 млрд теңгеге 70 жоба бойынша келісім-шарт жасалған. Оның 34-і шығындарын толық өтесе, 1-уі ішінара өтеген, ал 35-і бюджеттен өтеусіз санаттар негізінде анықталған.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясындағы жобалар төңірегіндегі жұмыстар облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен өткен жиында талқыланды. Онда әкімдіктің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Надира Жолдасбекова баяндама жасап, аталған бағыттағы шаралар аймақтағы білім беру саласында белсенді дамып келе жатқанын атап өтті. Мәселен, бүгінге дейін қолға алынған 70 жобаның 50 пайызы осы салаға тиесілі. Сол сияқты, денсаулық сақтау саласында 33 жоба бойынша келісім-шарт жасалып, 29 ауылдық елді мекенде медициналық нысандар ашылған екен.
Спорт саласында балалар мен жасөспірімдерді спорттық жаттығуларға баулу арқылы уақыттарын тиімді өткізулеріне жағдай жасау мақсатында «Тарлан батырлары» ЖШС бастамасымен Шу қаласында дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешенінде сервистік қызмет көрсету жобасы іске асырылуда. Мұнда жекпе-жектің бес түрінен жаттығулар мен жарыстар өткізу шараларымен 350 бала қамтылмақ. Бұл жобаға тартылған инвестиция көлемі – 775 млн теңгені құрайды.
Басқарма басшылығының сөзінше, Тараз қаласының сыртқы жарықтандыру жүйесін жаңғырту және оған техникалық қызметті көрсету жобасы бойынша құрылған жұмыс тобы жүргізген зерттеу жұмыстары нәтижесінде жобаның келісім-шартында көрсетілген міндеттемелер жеке серіктес тарапынан орындалмаған. Сондықтан мемлекеттік серіктестер — облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй–коммуналдық шаруашылық басқармасы мен Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тарапынан жеке кәсіпкерлерге келісім-шартты бұзу туралы хабарлама жолданып, арнайы ауданаралық экономикалық сотқа шағым түсіріліпті.
– Биыл мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде «Көркем Телеком» ЖШС бастамасымен тікелей келіссөздер жүргізу арқылы «Тараз қаласындағы жол қозғалысы қауіпсіздігін және талдаудың интеллектуалды жүйесі» жобасын іске асыру жоспарлануда. Жобаның құны 5 260,5 млн теңгені құрайды. Мұны іске асыруға 6 жылға жуық уақыт жұмсалады. Шара аясында 35 сызықтық бөлім мен 13 қиылысқа «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешендері орнатылады, 1 250 жалпы бақылау камералары қойылады. Сондай-ақ деректерді өңдеу және талдау орталығы құрылады. Бүгінде жеке кәсіпкермен тікелей келіссөздер жүргізілуде, нәтижесі туралы ақпарат ресми жарияланады, — деді Н.Жолдасбекова.
Жиында аймақ басшысы жобалардың дені білім, денсаулық, әлеуметтік салаларда ғана қолға алынып жатқанына назар аударып, өзге де салалар – жол, инфрақұрылым, спорт, коммуналдық шаруашылық бойынша да мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын жүзеге асыру қажеттігін алға тартты.
– Жекеменшік компаниялар міндеттемелерін белгілеп алды ма, толық орындауын бақылау керек. Сонымен бірге ол жобалар бізге не берді, қандай тиімділігі бар деген сынды сауалдарды тиісті басқарма сараптап, зерделеуі тиіс, — деген өңір басшысы жауапты ведомство жетекшісінен мектептердің жылу қазандықтарын жекеге беру жұмыстары туралы сұрады. Қазіргі таңда 75 білім ошағының қазандығына қатысты әкімдіктермен келіссөздер жүргізіліп жатыр екен. Ал қысқы маусымда көмір алу үшін 913 млн теңге қаралып, оған 57 тоннаға жуық қатты отын сатып алынбақ.
«Әлеуметтік нысандардың қысқы маусымына қажет көмірдің көлемі жыл сайын азаюы керек. Өйткені, кейбір ауылдарға газ құбыры тартылып жатыр. Тағы айта кетерлігі, аудан әкімдері тарапынан тиісті басқарма қажетті қатты отынның көлемін дұрыс есептемейді, көмір жетпей қалады деген сыңайда шағым жиі түседі. Бұған назар аудару керек. Қыстың көзі қырауда отынсыз қалып жатсақ, тығырыққа тірелеміз. Ал қыстың қандай болатыны белгісіз», — деді Б.Сапарбаев.
Жиын барысында облыс әкімі аудан әкімдерінің арасында мониторинг жұмыстарын жүргізу қажеттігін алға тартып, мемлекеттік-әріптестік аясында атқарылған жұмыстарды есепке алу керектігін айтты.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі