Коронавирусқа қарсы вакцинаны егу орнына магниттің жабысуы туралы бейнероликке қатысты Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас эпидемиологы Мирзабекова Гүлфайра Құралбекқызының пікірі:
35 жылдық тәжірибесі бар эпидемиолог және медицина мекемелерінің дәрігерлерімен бірлесіп егу жұмыстарын жүргізуді ұйымдастырушы маман ретінде мені әлеуметтік желілерде белсенді таратылып жүрген вакцинацияға қарсы насихаттың осындай сауатсыз материалдары қынжылтады!!! Ең алдымен, коронавирустық инфекцияға қарсы вакцина құтыда немесе ампуладаға мөлдір сұйықтық (қоспалар мен металдарсыз) екенін атап өткім келеді. Медицина қызметкері вакцинацияны егу кабинетінде дәрігердің рұқсатын алған және өз еркімен екпе жасатқысы келген адамның қатысуымен жүргізеді. Санитарлық ережелердің талаптарына сәйкес, егу медбикесі вакцина құтысын тоңазытқыштан шығарады, құтыдағы пластикалық төсемді алып тастайды, резеңке тығынды спиртті мақтамен өңдейді, бір рет қолданылатын инесі бар щприцтің қаптамасын ашады, құтыдан 0,5 мл сұйық вакцина алады және иықтың сыртқы бетінің жоғарғы үштен бір бөлігінің бұлшықет ішіне енгізеді. Инъекция орны спиртті мақта тампонымен сүртіледі және ол медициналық қалдықтарға арналған контейнерге тасталады. Яғни, егу кабинетіндегі вакцинаны дайындау мен жүргізудің барлық рәсімі вакцина салдыратын адамның жіті бақылауымен жүргізіледі. Бүгінгі таңда вакцинаның күші — оның қабылдаған бір адамды ғана емес, айналасындағы адамдарды да қорғауға қабілетті. Біз адамнан адамға жұғатын коронавирустық инфекция жағдайында халықтыі қорғалуын қамтамасыз ету, осы қауіпті болатын инфекциядан ауыр жағдайлар мен өлім-жітімді төмендету үшін өте көп адамға вакцина егу қажет екенін түсінуіміз керек. Тұрғындар арасында вакцинацияға қарсы насихаттың белсенді жүргізілгеніне қарамастан, адамдардың көпшілігі ковидке қарсы егудің маңыздылығы мен қажеттілігін түсінеді. Бүгінгі таңда тек Жамбыл облысында 100 мыңнан астам адам коронавирусқа қарсы екпе алды және екпе алғысы келетіндердің саны күн сайын артып келеді. Біз жылдам егілу арқалы ғана пандемияны жеңеміз.