2021 жылдың 26-29 сәуірі аралығында Жамбыл облысында «Борышкер-2021» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізіледі. Акцияның мақсаты «нөлдік төзімділік» қағидатын, жол берілген бұзушылықтар үшін жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету, салынған әкімшілік айыппұлдарды өндіріп алудың тиімділігін арттыру болып табылады.
Аталған іс-шараның міндеттері салынған әкімшілік айыппұлдар бойынша берешегі бар және олар бойынша мәжбүрлеп іс жүргізу қозғалған адамдарды толық қамтуды қамтамасыз ету болып табылады.
«Әкімшілік айыппұл салынған жағдайда, жеті тәулік ішінде Сіз көрсетілген айыппұл сомасының 50% — ын төлеуге құқылысыз. Ал, осы мерзім өтсе, онда әкімшілік айыппұлдың толық сомасы төленеді. . Әкімшілік айыппұл қаулы заңды күшіне енген күннен бастап 30 тәулік ішінде төленуі тиіс»,-деді Жамбыл облысының Полиция департаменті Әкімшілік полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Мәмбет Смаилов.
Айыппұлды төлеу қажеттігі туралы қаулыны ерікті түрде орындау мерзімі өткеннен кейін он күн ішінде ол өңірлік сот орындаушылары палатасына жіберіледі, олар мүлікке, шоттарға, банк қызметтеріне тыйым салуға, сондай-ақ шекарадан өтуге шектеу қояды.
Жамбыл облысының Полиция департаменті көлік жүргізушілерін әкімшілік құқық бұзушылық айыппұлдарын уақтылы төлеуге шақырады және айыппұлды онлайн режимінде электрондық үкімет порталы qamgor.gov. kz сайтындағы egov.kz, екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары арқылы төлеуге болатындығын ескертеді. Төлемнің келіп түскені туралы мәліметтер дереу деректер базасына түседі және айыппұл өтелген болып есептеледі, полиция органдарына түбіртекті ұсынудың қажеті жоқ.