Жамбылдық полицейлері облыс орталығының 28 жастағы тұрғынын ұстады, ол «ОЛХ» хабарландыру сайты арқылы жоқ тауарларды сатты деп күдікке ілінді.
Ер адам көрсетілген сайтта тоңазытқышты және автокөлікті арзан бағаға сату туралы жарнама орналастырған. Тиімді арзан бағаға сатып алуға ниет білдіргендердің көп болған. Тауар үшін алдын ала төлемді банк картасына екі алматылық, Шығыс Қазақстан облысы мен Жамбыл облысының 2 тұрғыны жіберген.
Аталған дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті кінәсін толық мойындады.
Жамбыл облысының Полиция департаменті тұрғындарға бейтаныс адамдардың банк карталарына ақша жібермеуге және тауарларды тек дүкендердің ресми сайттары арқылы онлайн сатып алуға кеңес береді.