Ата-анасының айтуы бойынша, олар не болғанын бірден түсінбеген. Бір аптадан соң, бала жылай бастағанда ғана көмекке жедел жәрдемді шақырған.
Мамандар бірден сәбиді облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізіп, рентген аппаратына түсірді. Құрылғы арқылы дәрігерлер бүлдіршіннің ағзасында бөгде заттың бар екендігін байқаған. Ақ халаттылардың біліктілігі мен мол тәжірибесінің арқасында гастроскоп құрылғының көмегімен бір жастағы бүлдіршіннің асқазанындағы кілт сәтті алынып тасталды.
“Біз бір жастағы баланың асқазан-ішек жолынан бөтен денені алып тастадық. Әлгі зат кілт болып шықты. Баланы ауруханаға оқиға орын алған сәттен бір апта өткеннен кейін алып келсе де, біз хирургия бөлімінде отаны сәтті жасадық”, — деді хирургия бөлімінің дәрігері Мәулен Кенжалы.
«Отадан соң сәбиімнің жағдайы жақсарып, өмірге қайта келгендей болды. Оның өмірі үшін күрескен барлық ақ халаттыларға алғыс білдіремін» — дейді анасы. Бүгінде баланың жағдайы жақсарып, үйіне шығарылды.
Дәрігерлер қауіпсіздік шараларын сақтауға, балаларды қараусыз қалдырмауға, сондай-ақ, бала жұтып қоюы мүмкін майда заттарды оның қолы жетпейтін жерге қоюға кеңес береді.
Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі