Жамбыл ауданының Жалпақтөбе ауылында алғаш рет мәдениет үйі салынды. Оның ашылуына Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы қатысты.
«Өңірлерді дамыту бағдарламасы» бойынша бой көтерген Мәдениет үйі 180 орынға шақталған. Жаңа ғимаратта үлкен концерт залы және үйірмелерге арналған бөлмелер бар. Аудандық кітапхана мен сандық ақпарат орталығы да осында орналасқан.
— Кез келген елдің дамуын оның мәдениетінің жетістіктерімен бағаланады. Біздің жерлестеріміз түрлі әлемдік сахнада лайықты өнер көрсетіп, Қазақстанды танытуда. Жаңа мәдениет үйі өнерлі жастардың дарынын ашуына ықпал ететін маңызды мәдени ошаққа айналады деп үміттенеміз. Жалпақтөбе ауылында атақты композитор, еліміздің мақтанышы Шәмші Қалдаяқовтың өмір сүргенін бәріміз білеміз. Қазір республикалық деңгейде жаңа Мәдениет үйіне оның есімін беру мәселесі талқылануда, — деді Бердібек Сапарбаев.
Тұрғындар атынан сөз алған ақсақал Хаби Биболов осындай тамаша тарту үшін облыс басшылығына алғыс білдіріп, барша жалпақтөбеліктер аймақ басшысының бастамасын қолдайтынын айтты.
Мәдениет үйінің директоры Индира Тоғанбаева мұнда тұрғындар концертке қатысып, сондай-ақ, шығармашылық топтардың мүшелері бола алатындығын атап өтті. Вокалдық үйірме, хореографиялық бөлімдер, фольклорлық әжелер ансамблі ашылған. Алдағы уақытта қолөнер, домбыра үйірмелерін ашу жоспарда бар. Оған 29 жасқа дейінгі жастар қатыса алады.
— Біздің ауылдың тұрғындары бүгін керемет мерекелік көңіл күй кешуде. Бүгінге дейін ауылда мәдени орталық болған емес. Концерттер мен басқа да іс-шараларды мектептердің акт залында немесе жазғы алаңдарда өткізуге тура келетін, енді өз Мәдениет үйіміз бар, — дейді ол.
Айта кетейік, жаңа мәдени нысанның ашылуымен 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі