Соңғы үш жылда жиі айтылатын сөз тіркестерінің бірі «Қоғамдық кеңес» дегеніміз не өзі? Мақсат, міндеті қандай? Оған кімдер мүше бола алады? Кімге бағынады? Осы сұрақтардың жауабын іздеп көрелік.
Негізінде, қоғамдық кеңес – қоғамдық бастамамен, дербес жұмыс істейтін консультативтік-кеңесші, байқаушы орган болып табылады. Қоғамдық кеңестер – коммерциялық емес ұйымдар, Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрамына кірмейтін атқарушы органдар, ҚР Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін органдар.
Қоғамдық кеңес мүшелері мемлекеттік органдарға, жергілікті мемлекеттік басқару органдарына кіруге, орталық атқару органдарының, жергілікті мемлекеттік басқару органдарының жұмысына араласуға, қоғамдық маңызы бар мәселелер бойынша мемлекеттік органдарға, жергілікті мемлекеттік басқару органдарына жүгінуге құқылы. Қоғамдық кеңеске он сегіз жасқа толған, Қазақстанның кез-келген азаматы мүше бола алады.
«Қоғамдық кеңестер туралы» 2015 жылғы 2 қарашадағы ҚР Заңына сәйкес, мемлекеттік органдардың ашықтығы мен есеп берушілігін қамтамасыз етудің жаңа нысаны ретінде республикада 231 Қоғамдық кеңес жұмыс істейді.
Заңнамаға сәйкес, кеңестер мемлекеттік бақылаудың мынадай 4 түрін жүзеге асырады: қоғамдық бақылау, қоғамдық тыңдаулар, қоғамдық сараптама және мемлекеттік органдардың жұмысының қорытындылары туралы есептерді тыңдау.
ҚР Ақпарат және коғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ-ның «Ақпараттандырудың инновациялық әдістері халықпен жұмыс технологиясы ретінде» мемлекеттік гранты аясында «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің жетекшісі Исламбек Дастанның мәліметінше, 2017-2018 жылдары аралығында өз өкілеттіктерін жүзеге асыру аясында қоғамдық кеңестер азаматтардың құқықтары, бостандықтары мен міндеттері туралы 12 мыңға жуық нормативтік құқықтық актілер жобаларын қарады. Су проблемалары, мемлекеттік қызмет көрсету сапасы және т.б. бойынша 1069-дан астам қоғамдық тыңдаулар ұйымдастырылды.
Әр түрлі деңгейдегі 213 әкім мен орталық және 1300-ден астам жергілікті өзін-өзі басқару органдарынан 16 жетекшінің есептері тыңдалды.
Ұйымдастырушылық тиімділігін, демократиялылықты, жариялылықты, ашықтықты қамтамасыз ететін қоғамдық кеңестердің оңтайлы үлгісін қалыптастыру мақсатында «Кейбір заңнамалық актілерге қоғамдық кеңестердің қызметі туралы өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы әзірленді. Заң жобасында қоғамдық кеңестер мүшелерінің өкілеттіктерін қалыптастыру және тоқтату механизмдерін жетілдіруге, қоғамдық кеңестер мен олардың мүшелерінің құқықтары мен міндеттерін толықтыруға, сондай-ақ кеңестің қызметін ұйымдастыруды қамтамасыз етуге бағытталған нормалар қарастырылады.