Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасы «Өңірлік коммуникациялар қызметінің» алаңында облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбековтың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Нұрбол Әбдімәжитұлы басқарма 2018 жылы атқарған жұмыстары және 2019 жылы алда тұрған міндеттері туралы баяндап, журналистердің сұрақтарына жауап берді.
2018 жылдың қорытындысы бойынша облыста дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 327 мыңнан астам адамға жетіп, облыс тұрғындарының 29,1% құрады. Бұл көрсеткіш 2017 жылмен салыстырғанда 7,8 мың адамға немесе 0,5% өсті.
Сонымен қатар, дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданатын 14 жастан 29 жасқа дейінгі жастар саны 144,8 мың адамға жетті. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 5,2 мың адамға өсті.
Қазіргі кезде облыста 48 спорт мекемесі бар (спорт түрлері бойынша 6 спорт клубы, «Бұқаралық-спорттық шаралар өткізу орталығы», «Жоғары спорт шеберлігі мектебі», «Олимпиада жеткіншектерін даярлау орталығы», «Тараз-Арена» спорт сарайы, «Облыстық мамандандырылған дарынды балалар мектеп-интернаты», Қаратау қаласындағы және Қордай ауданындағы дене шынықтыру және сауықтыру кешендері және 35 балалар-жасөспірімдер спорт мектептері). Олардың 30-ы аудан әкімдіктерінің құзырында.
Жалпы, облыстың спорт мекемелерінде спорттың 43 түрі қамтылған. Оның ішінде 24 олимпиадалық, 12 олимпиадалық емес және 7 ұлттық спорт түрі бар.Облыстағы спорт мекемелерінде 25 068 спортшы (16 316 спортшы ауылдық спорт мектептерінде) тұрақты түрде спортпен шұғылданады. 2017 жылмен салыстырғанда 1003 спортшыға артты.2018 жылдың қорытындысы облыс бойынша салауатты өмір салтын насихаттау бағытында барлығы 3286 спорттық іс-шара ұйымдастырылып, аталған іс-шараларға 603,7 мың адам қатысты.
Соның ішінде соңғы жылдары спорт және білім басқармалары бірлесіп өкізіп келе жатқан облыстық «Мектеп Лигасы» спорттық (кіші футбол, волейбол, баскетбол)ойындарына 101 мыңнан астам оқушы қатысты.
Сонымен қатар, жоғары және арнайы орта білім беретін оқу орындарының студенттері арасындағы спартакиадалар, қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» республикалық турнирінің ауылдық, аудандық және облыстық іріктеу жарыстары, асық атудан «Алтын сақа» ауылдық, аудандық және облыстық жарыстары, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыстық «Аула ойындары фестивалі», Астана қаласының 20 жылдығына арналған көше ойындарынан Жамбыл облысының чемпионаты, мемлекеттік қызметшілер арасында спартакиада, кіші футболдан облыстық турнир мен басқа да көптеген бұқаралық сипаттағы жоспарлы іс-шаралар өткізілді.
Қазіргі таңда, облыста спорт нысандарының жалпы саны 2 341-ге жеткен (1 спорт сарайы, 17 стадион, 20 спорт кешені, 1175 спорт алаңшасы, 623 спорт залы, 449 футбол алаңы және 56 басқа да нысандар). Оның ішінде 1640 спорт нысаны ауылдарда орналасқан.
2018 жылы облыс бойынша қолжетімді 1933 спорт нысаны анықталды. Оның 503-і Тараз қаласында, 1430-ы аудандарда орналасқан.
2018 жылы Астана қаласының 20 жылдық мерей тойы қарсаңында облыс бойынша 5 спорт нысаны ашылып, халық игілігіне берілді.
2018 жылы облыс спортшылары жалпы 1547 медальға қол жеткізді.