Өңірдегі үкіметтік емес ұйымдардың басшылары Жамбыл облыстық ішкі істер департаментінің басшысы Арман Оразалиевпен кездесті.
Облыстық ішкі саясат басқармасының тапсырысы аясында «БАҚ жұмысшыларының қауымдастығы» жастар қоғамдық бірлестігі əлеуметтік желі белсенділерімен сұхбат алаңында жолығып, облыстың ішкі істер саласындағы өзгерістермен, алға қойған жоспарларымен бөлісті.
Басшының айтуы бойынша өңірдегі қылмыстық ахуал кей өңірлерге қарағанда тұрақты. Алайда, бұл сала мамандары қол қусырып отырады деген сөз емес. Арман Молдиярұлының сөзіне сенсек бүгінгі күні Жамбыл облысында кең тараған қылмыстың түрі — жеңіл автокөліктердің аккумляторын ұрлау болып отыр. Баукеспелер автобөлшекті көліктен шешіп алып, сырлап, əрлеп қайта сататын көрінеді. Сала мамандары аталмыш қылмыстың ізіне түсіп, сатушы мен сатып алушыларға тиісті жаза тағайындамақ. Сонымен қатар, департамент басшысы қала халқы əбден зəрезап болған қалта телефоны ұрлығына да түбегейлі тосқауыл қоюды көздеп отыр. Бұл мəселе бойынша арнайы жоба дайындалып, пилоттық режимде іске қосылады.
ҮЕҰ басшылары кездесу барысында департамент басшысына түрлі сауалдар мен ұсыныстарын айтты.
Əрқашан сыни көзқарастарымен қоғамдағы түйткілді мəселелердің шешілуіне үн қосып жүрген желі белсенділердін ұсыныстарын жолдап, ашық пікірлескен Арман Молдиярұлы Жамбыл облысындағы қылмыстық ахуалды тұрақтандыру бағытында үлкен бастамаларды жоспарлап отырғанын баяндады. Айта кететін жəйт, сала басшысы 10 қыркүйектен бастап қалада қайыршылардың мүлде болмайтынын айтып уəде берді.
TURANINFO.KZ