Шілде айының 5-7 күндері аралығында Тараз сервис және технолгия колледжінің студенттері Солтүстік Қазақстан облысының тарихи-мәдени мұраларымен танысып қайтты.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған саяхат барысында жамбылдық жастар Петропавл қаласының «Ботаникалық бақ», Абылайхан мұражай кешенін, «Мәңгілік алау» әскери даңқ мемориалын, Конституция алаңын, Солтүстік Қазақстан облысының тарихи-өлкетану музейін аралап, қаланың көрікті жерлерін тамашалады. Республикалық өлкетану акциясы мектеп оқушыларына туған жерінің тарихы мен мәдениетін тереңірек зерделеп, қасиетті орындардың өзіндік ерекшеліктерін танып-білуге бағытталған.
«Солтүстік Қазақстан облысына келгеніме өте қуаныштымын. Петропавл – табиғаты өте әсем және көрікті, мәдени орындарға өте бай қала. Игі шара барысында біз рухани мол мағлұмат алдық. Акцияны ұйымдастырушыларға үлкен алғысымды айтамын», — деп өзінің әсерімен бөлісті колледждің 1-курс студенті Асылхан Әдемі.
Экскурсияға аймақтан мектеп олимпиадалары мен түрлі жарыстардың жеңімпаздары, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар аттанған болатын.
Айта кететін жайт, Республикалық акция барысында 167 жамбылдық оқушы шілде-тамыз айларында Солтүстік Қазақстан облысы және Астана қаласына туристік саяхатқа аттанбақ.