Осыдан бір ай бұрын қалалық көпбейінді ауруханасында донорлық бүйректі ауыстыру бойынша жоғары технологиялық операция жасалған. Сау ағзадан алынған мүше екінші адамға салынатын әдіс, яғни трансплантациялық жолмен өткізілген отаны жасау үшін аймақтық дәрігерлер барын салды.
Жалпы, трансплантация дегеніміз не? Бір адамның ағзасын (оның ішінде бауыр, жүрек, өкпе, бүйрек, т.б.) немесе денесінің бір бөлігінің тіндерін келесі бір адамға салу жолымен жасалатын бұл ем-шара — өмірді сақтап қалудың жалғыз мүмкіндігі 5-мамырда 22 жастағы бүйрек жеткіліксіздігінің ауыр түрімен ауыратын пациентке, 56 жастағы анасының сау бүйрегін ауыстырып салу отасы жасалған.
Бүйректі транспланттау бойынша хирургиялық араласуды Нұр-Сұлтан қаласынан келген трансплантологтың қатысуымен қалалық көпбейінді ауруханасының хирургтары мен урологтары 5 сағат ішінде орындап шықты.
Донорға транспланттауды жүргізу алдында үйлесімділікке, операцияға дайындыққа иммунологиялық тестілерді қоса алғанда, мұқият инструментальды және зертханалық тексерулер жүргізілді. Қалалық көпбейінді аурухана – құрамында нефрология және гемодиализ бөлімшесі бар облыстағы ең ірі медициналық ұйым.
Ағымдағы жылы бүйрек трансплантациясы бойынша 2 маман біліктіліктерін арттырып келді. Облыс бойынша бүйрек функциясының созылмалы жеткіліксіздігі бар 903 пациент динамикалық бақылауда, оның ішінде бүйрегі ауыстырылған 64 адам және бағдарламалық гемодиализдегі 722 пациент те бар.
Трансплантацияланатын бүйрегі бар пациенттер: ересектер — 61, оның 22-сі — аудандарда, сондай-ақ, 3-і — балалар. Ағзаларды транспланттауға арналған «күту парағында» облыс бойынша пациенттер саны: бауыр бойынша — 6 ересек адам, бүйрек — 103, оның ішінде балалар — 9, жүрек — 3 ересек пациент. Ұсынылған статистикалық мәліметтерден, мүшелерді трансплантациялау кез-келген ересек адамға да, балаға да қажет болуы мүмкін.
Бүгін осы донорлық бүйректі ауыстыру бойынша ота жасалған науқас үйіне шығарылды. 2013 жылдан бері зақымдалған екі бүйрегі істен шығып, диализ аппаратына таңылған Ұ. есімді бойжеткен өмірден күдерін де үзіп қойыпты. Өздігінен бойындағы сұйықтықты сыртқа шығара алмай, тұрақты гемодиализ науқасына айналған соң, олар Қарақалпақстаннан Тараз қаласына көшіп келген. Өзінен басқа отбасында 4 бауыры бар және әкесі қайтыс болып кеткен оның жұмыссыз анасынан басқа сүйенер ешкімі жоқ екен. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевке өтінішпен шыққан соң, облыстың бас дәрігері, әрі тәжірибелі хирург ретінде Ә.Қалиев уақыт создырмай донорлық трансплантация бағдарламасын бастап кетеді. Әдетте, мұндай жағдайда донор табу оңай емес. Дегенмен, қыздың 56 жастағы анасы донор болуға келісімін береді. Себебі, оның әкпесі де осындай диагнозбен бағдарламалық гемодиализде екен.
6 сағатқа созылған ота ешқандай асқынусыз, сәтті өткен. Бүйректі алмастыру операциясынан кейінгі бірінші тәулікте ағзада жиналып қалған 4 литр зәр сыртқа шығыпты. Талдау сараптамалары да жақсы нәтиже көрсеткен соң, үшінші тәуліктен кейін пациенттің жағдайы тұрақталып, орнынан тұрып палатаға ауыстырылды.
— Операциядан кейін есімді жиғанымда, алдымен, маған екінші рет өмір сыйлап, бүйрегін берген анамды еске алдым. Жағдайы нашарлап қала ма деп уайымдадым. Телефонмен сөйлесіп, дауысын естіген соң, көңілім орнына түсті. 10 жылдан соң өздігімнен, алғаш рет кіші дәретке бардым. Қуанғанымнан көңілім толқып, жылап жібердім. Ұзақ жылғы ауру, жан қиналысы мені әбден шаршатып, өмірден күдерімді үзіп те қойған едім. Жамбыл Облыстық Денсаулық Сақтау Басқармасының басшысы Әсет Қалиев деген кісінің бастамасымен сырттан дәрігерлер келіп, тез арада донорлық іс-шара басталып кетті. Жұмыс істемейтін анамнан басқа ешкіміміз жоқ біздің барлық шығындарымызды өзі жеке қаражатынан төледі. Шет елде мұндай операциялар өте қымбат тұратынын білемін. Қазақстанда да оған оңайшылықпен қол жеткізу мүмкін емес. Анам екеуміздің оған ризашылығымызда сөз жоқ. Маған қайта өмір сыйлаған Ә.Қалиевке алғысым шексіз,- деді бойжеткен.
Бүгінде рецепиенттің жағдайын бақылап отырған емдеуші дәрігер Азамат Чупеевтің айтуынша, алдағы уақытта олар тұрақты түрде тұрғылықты мекен-жайы бойынша емханасына қаралып тұруы тиіс. Қыздың да, анасының да жағдайы жақсы, отадан кейінгі асқынулар болған жоқ. Сондықтан үйлеріне шығарылды.
Дереккөз: Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі