Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев пен төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев бастаған үкіметтік комиссия Т.Рысқұлов ауданындағы зардап шеккен тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды аралап шықты.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес залалды бағалау және бүлінген мүлікті қалпына келтіру бойынша кешенді жұмыстар жүргізілетін болады. Құрамына облыс әкімдігінің, сейсмологиялық бақылау және зерттеулердің ұлттық ғылыми орталығының, сондай-ақ түрлі министрліктер мен ведомстволардың өкілдері кіретін жұмыс тобы құрылды.
Соңғы мәліметтер бойынша екі ауданда 17 әлеуметтік нысан бүлінген. Оның ішінде 11 білім беру, 2 — денсаулық сақтау, 2 — әлеуметтік қорғау, 1 — спорт және 1 — мәдениет нысаны бар.
Ауылдық округ әкімдіктеріне тұрғындардан баспаналардың зардап шеккені туралы 104 арыз-шағым түскен. Тұрғын үйлерді тексеру жалғасуда, шығын көлемі анықталуда.
Тұрғындардың жанайқайы төмендегі видеоларда:
Аралау және атқарылған жұмыстардың қорытындылары облыстық жедел штабтың отырысында талқыланды.
Қазіргі уақытта облыстағы жағдай тұрақты. Зардап шеккендер жоқ. Әлеуметтік және тіршілікті қамтамасыз ету нысандарындағы, жол коммуникациялары, өнеркәсіптік кәсіпорындардағы жағдай облыс басшылығының ерекше бақылауында.