Жамбыл облысында жастардың кәсіпкерлік әлеуетін арттыруға және цифрлық дағдыларын дамытуға бағытталған «Digital Jastary» («Цифрлық жастар») әлеуметтік жобасы жүзеге асырылды.
Жобаны «Жамбыл облысы Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің ұйымдастыруымен «Әлеуметтік жұлдыз» қоғамдық жастар қоры іске асырды.
Жобаның негізгі мақсаты – жас кәсіпкерлердің бизнес жүргізу, кәсіпкерлік қызметті тіркеу, стратегиялық жоспарлау, салықтық есеп жүргізу, онлайн-сату және цифрлық контент әзірлеу бағыттарындағы білімдері мен практикалық дағдыларын жетілдіру.
Жоба аясында 2026 жылғы маусым-қыркүйек айлары аралығында кәсіпкерлік бойынша теориялық және практикалық оқу курсы ұйымдастырылып, 24 жас кәсіпкер оқытудан өтті. Қатысушылар бизнес-жоспар құру, нарықты талдау, өнімнің өзіндік құнын есептеу, сату арналары мен бренд қалыптастыру, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметті цифрландыру бағыттары бойынша білім алды.
Сонымен қатар, жоба аясында Taraz Studio контент-студиясы ашылып, тауарларды кәсіби суретке түсіру, мобильді түсірілім және жарнамалық бейнероликтерді монтаждау бойынша воркшоптар өткізілді. Қатысушыларға тауарларды түсіру, жарнамалық контент әзірлеу және жасанды интеллект құралдарын пайдалану бойынша практикалық жұмыстар ұсынылды.
Жеке менторлық кездесулер барысында қатысушыларға жарнаманы баптау, онлайн-дүкендерді іске қосу және сатылым үдерістерін жүйелеу бойынша қолдау көрсетілді. Бұдан бөлек, жоба туралы ақпараттандыру мақсатында әлеуметтік желілерде 10 жарияланым орналастырылды.
«Digital Jastary» жобасы жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға, цифрлық құралдарды тиімді пайдалануға және өз бизнесін дамытуға қажетті практикалық дағдыларын қалыптастыруға бағытталған.







