Облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен өткен ұлттық ат спорты түрлерінен жастар арасында ел чемпионаты мәресіне жетті.
Шараға еліміздің он екі өңірінен командалар қатысып, өзара кім мықтыны анықтады. Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан чемионаттың ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Гамлет Қайнарбеков ұлттық спортымызды ұлықтап, жалпыхалықтық деңгейге жеткізу, жастарымыздың қызығушылығын арттыруға бағытталған атқарылып жатқан қарқынды жұмыстарды айта келе, үзеңгі қағыстырған үміткерлерге сәттілік тіледі. Мұнан соң сөз алған ұлттық спорт түрлерінен мемлекеттік жаттықтырушы Рамазан Сәттібаев халқымыздың тектілігін танытып, болмысын ашатын спорттың бұл түрі бойынша әулиеаталықтардың мысы басым екендігін айтып, сол себепті чемпионаттың Жамбыл облысында өткізілуі заңдылық екендігін жеткізді. Келесі кезекте сөз алған ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының вице-президенті Ерлан Оспанов ұлттық ойындарымызды жандандыру мақсатында жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстар жалғаса беретінін тілге тиек етті.
Бұдан соң Бектөбе ауылы маңындағы Б.Момышұлы атындағы атшабарға жиналған көрермен қауым ең бірінші болып Батыс Қазақстан облысы мен Алматы облысының құрамасы арасындағы көкпарды тамашалады. Ойынның алғашқы минуттарынан-ақ алматылық тас тақым шабандоздар басымдық танытып, ойын тізгінін өз қолдарына алды. Қарсыластарына еш мүмкіндік бермеген Алматы облысының жастар құрамасы 8:1 есебімен жеңіске жетті. Қызылорда облысы мен Ақмола облысының командаларының арасындағы ойын да тартысқа толы болды. Бұл ойында ақмолалық шабандоздар 2:0 есебімен қарсыластарынан басым түсті. Ал Ақтөбе облысы мен қарағандылық көкпаршылардың арасында өткен үшінші кездесуде ақтөбеліктердің мерейі үстем болып, 4:0 есебімен жеңіске жетті. Келесі кезекте Павлодар облысының құрамасымен кездескен алматылық шабандоздар чемпионатқа тас түйін дайындықпен келгендігін көрсетіп, қарсыластарын 8:0 есебімен ойсыра ұтты.
Жарыстың екінші күні ең алғашқы болып көкпар алаңына шыққан Солтүстік Қазақстан облысы мен Павлодар облысының көкпаршылары арасында өткен кездесу 6:1 есебімен Солтүстік Қазақстан командасының пайдасына шешілді. Сондай-ақ Ақтөбе облысының құрамасымен кездескен маңғыстаулық жігіттер 8:4 есебімен жеңіске жетті. Ал Тұрғанбек Құрманбек бастаған облысымыздың шабандоздары Қызылорда облысының көкпаршыларымен кездесіп, абырой биігінен көріне білді. «Сен тұр, мен атайын» дейтін кіл мықты шабандоздар бұл ойында 12:0 есебімен айқын басымдықпен жеңіске жетті.
Оңтүстік Қазақстан облысы мен Батыс Қазақстан көкпаршылары арасындағы кездесуде тартысқа толы болды. Ат спорты ерекше дамыған Оңтүстік Қазақстан өрендері кездесуде 12:0 есебімен жеңіс туын желбіретті.
Сондай-ақ жігіттерімізден үлкен ептілікті, күштілікті, төзімділік пен батылдықты талап ететін ұлттық спорттың бір түрі аударыспақтан екі салмақ дәрежесі бойынша шабандоздар сынға түсті. Елу келі салмақ дәрежесінде ақтөбелік А.Жанарбекке тең келер қарсылас табылмады. Ал финалдық кездесуде қарсыласына есе жіберіп алған жамбылдық А.Асылханов екінші орынды қанағат тұтты. Оңтүстікқазақстандық Е.Құралбай жүлделі үшінші орынды місе тұтты. Ал сексен келі салмақ дәрежесінде өткен аударыспақ ойынында қызылордалық С.Әмірсейіттің мерейі үстем болды. Сондай-ақ ақмолалық К.Еслямов пен шымкенттік У.Рүстембек жүлделі екінші және үшінші орындарды өзара бөлісті. Көкпардан жерлестеріміз ешкімге дес бермей бас жүлдені қанжығаға байлады. Олар финалдық бәсекеде Маңғыстау облысының шабандоздарын 8-4 есебімен ойсырата жеңіп кетті. Сөйтіп маңғыстаулықтар 2 орынға жайғасса, 3 орын Алматы облысының командасына бұйырды. Жерлесіміз, Әулие-Ата жастар командасының ойыншысы Құрманбек Тұрғанбек 17 салым салып чемпионаттың үздік шабуылшысы атанды. Жамбы ату бойынша Шымкенттік Айтбек Сарыбайға тең келер ешкім болмай, тұғырдың ең биік сатысынан көрінді. Ал 2 орынды жерлесіміз Абзал Төлебеков иемденсе, маңғыстаулық Жасұлан Қуанышбекұлы 3 орынды місе тұтты. Теңге ілуден ақтөбелік Әлихан Бәшембаев ептілігінің арқасында 1 орынды қанжығасына байлап кетті. Оңтүстік қазақстандық Мағжан Сапарбек бұл сында екінші нәтиже көрсетті. Маңғыстаудан келген Ерлан Дүйсенбай жүлделі 3 орыннан көріне білді.
Шынболат Сейдуалиев