Жас ақын Арайлы Жақсылық Қазақ радиосы студиясында болып қайтты
Жуырда еліміздің ғасырға жуық тарихы бар Қазақ радиосының студиясында облысымыздың жас ақыны, Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет архивтер, және құжаттама басқармасының баспасөз хатшысы Арайлы Жақсылық қонақ болып қайтты.
Ақын Қалқаман Сариннің жас ақындардың шығармашылығына арналған авторлық «Қауырсын ғалам» бағдарламасына арнайы шақырту алған жерлесіміз, тікелей эфирде өз өлеңдерін оқуға үлкен мүмкіндік алды. «Сағыныш тамшылары» тақырыбында өткен бағдарламада Арайлы туындыларын оқумен қатар, Қалқаман Саринмен емен жарқын сұхбат құрып, жеке шығармашылығы мен әдебиет жайында тыңдармандардың сұрақтарына жауап берді.
Еліміздің үшінші жаңғыруы саналатын мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» мақаласы аясында, жастардың шығармашылық потенциалын көтеру бағытында аянбай еңбек етіп жатқан Қазақ радиосы осылайша Жамбыл облысы үкілеп жіберген жас ақынға үлкен қолдау білдіріп, мерейін үстем етті.
Арайлы Жақсылық бағдарлама соңында өз шығармашылығы үшін аталған бағдарламаға қонақ болу үлкен мәртебе екенін, алдағы уақытта үлкен ізденісте болып, қазақ әдебиетіне тамшыдай болсын үлес қосуды мақсат еткенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, жерлесіміз қонақ кәде ретінде «Қауырсын ғалам» бағдарламасының жеке кітапханасына сүйікті жазушысы Джек Лондонның «Мартин Иден» кітабын сыйға тартты.
Осы ретте, қоғамның рухани тәрбиешісі саналатын ақын мен жазушылардың шығармашылығын халыққа етене таныстыру жолында талай жылдан бері қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан еліміздің мен деген бұқаралық ақпарат құралдарының санатындағы Қазақ радиосының ұжымына алғысымызды білдіреміз.
TURANINFO.KZ