Осыдан жарты жыл бұрын Жамбыл облысы Байзақ ауданына қарасты әскери бөлімде жарылыс болып, қазақстандықтар қайғыдан қан жұтып қалды. Балалар әкесінен, әйелдері күйеуінен айрылып, шаңырақтар шайқалды. Қайтыс болғандары жерленді, ауруханада жатқаны осы уақытқа дейін емделді. Ал іс-түссіз жоқ болып кеткен Бауыржан Дәуітбаевтың тағдыры не болмақ? Іздеу жұмыстары қалай жүріп жатыр? Осы сауалдардың жауабын білу үшін біз Бауыржан өскен ауылға аттандық.
Бауыржан Дәуітбаев – 1987 жылы 27 қыркүйек күні дүниеге келген. Күлі көкке ұшқан әскери бөлімнің өртке қарсы қорғау және құтқару жұмыстары әскери командасының бастығы, кіші сержант Бауыржан Дәуітбаев әлі іздестіріліп жатыр.
33 жасында із-түзсіз жоғалған оның төрт баласы – бір қыз, үш ұлы бар. Жұбайы бесіншісіне жүкті. «175 гектар аумақтың әр бұрышы мұқият қаралып, бөлшектерді іздеу үшін үйінділер арнайы електен өткізіліп жатыр» делінген ведомство ақпаратында. Алғашында еріктілер мен атты жасақ жұмыла кіріскен іздеу жұмысы қазір біршама саябырсығандай.
Алты айдан бері із-түзсіз кеткен әскери қызметкер Бауыржан Дәуітбаевты іздестіру ешқандай нәтиже бермей жатыр, бұған дейін Orda.kz тілшісіне облыстық әкімдіктегілер «туыстары іздеуден бас тартса, өтемақы беріледі» деп шорт кескен еді. Баласының мәйітін көрмеген ана мен күйеуін күнде ойлап жататын ауыр аяқ әйел оған келісім бере қойсын ба? Әрине, жоқ.
Бауыржанның анасы Фатима Байқожақызы баласының 26 тамыз күні демалыс алып келгенін, қонақ күткелі жатқан кезде оған әлдекімдердің хабарласып, жұмысқа алып-ұшып кеткенін айтады.
– «Барамын да, қайтамын ғой» деді де, шығып кетті. Жұмыс туралы ештеңе айтпайтын, бөлімшенің астында оқ-дәрі бар екенін де білмедім. Сол күні ол үйден шығып кеткенде көшедегі адамдар оның көлікті қатты айдағанын көріпті. Олай көлік айдамайтынын көргендер, кейін естіген соң «ә, асыққан екен ғой» десіп жатты, – деген ана сол уақыттан кейін Бауыржанды көрген жоқ.
Фатима Байқожақызы ақпаратына сәйкес, әскерилер қазір тынышталып қалған іздеу жұмыстарын күн жылығанда қайта жалғастырады екен.
– Өткенде әскери бөлімшеге барып келдім. Олардың ойынша бөлімшенің ішінде қалуы мүмкін. Мен оларға қаралмай қалған үймешіктер, құлаған ғимараттар бар ма деп ем, олар «жоқ барлығын тазалайтын жерін тазалап, үймешіктерді қарап біттік. Ондай жерлер жоқ» деді. Енді жаңағы қопарылған қараған жерлерде топырақтардың ішінен құмдарды електен өткізді әне күні – күн жылыда. Сондай жұмыстар жасады. Бірнеше камаз құмды шығардық сыртқа қарай деді, араласып кедергі жасамас үшін. «Енді жақында күн жылыса, топырақ кепсе, ары қарай жұмысты жалғастырамыз» деді, – деді жанары үмітке толы Бауыржанның анасы.
Бауыржанның анасы қазір экстрасенспен де жолығуға, олардың ақыл-кеңесін тыңдауға да дайын екенін жеткізді. Себебі Бауыржанды тау-тастан, фазендалар немесе басқа да жерлерден көріп қалдық дегендердің қатары аз болмаған.
«Үкіметке тек денің сау кезде ғана керексің…»
Бауыржанның ауылын аралар жүріп, сыныптастарына кез болдық. Бір топ сыныптастың басын қосып, достары туралы сұрай бастадық. Бірауыздан жоғалып кеткен Дәуітбаевты «салмақты, ұйымшыл» деп сипаттаған жігіттер іздестіру шараларының көңіл көншітпейтінін айтты.
– Бауыржанды өлді деген хабар жоқ қой. Іздестіруді әлі тоқтатпау керек. Бір шешімге келгенше. Денің сау кезде үкіметке керексің, ал осындай жағдайда үкіметке керек емессің. Осы жағы қынжылтады, – дейді сыныптасы Жетібаев Нұралы.
Бір мектептен түлеп шыққан жастар ақпарат құралдарында Бауыржанды іздеп жатқанын күн сайын көрсеткенін, іздеу жұмыстарының тоқтамағанын қалайды.
Бауыржанды тапқан адамға сыйақы да тағайындалғаны бұған дейін айтылған еді, әйтсе де ол нәтиже бермеді.
– Іздеу саламыз деген қағазға 1 000 000 тг сыйақысы бар деген едік. Қазіргі адамдар 1 млн теңгені де қанағат тұтпайды екен. Қазір сыйақысы бар деп отырмыз. Не сұрайды соны береміз. Қандай адам хабарын берсе де алғысымыз бар, сыйақысын береміз, құр қол қайтармаймыз. Солдаттар тек суретін ұстап жүрген. Сол кезде бір кісі бір жақ беті күйіп қалған жігіт менің қорамда отырды деген. Неге үкіметтің адамдары үй-үйді кіріп тексермейді? – дейді сыныптастары.
Әскери қызметкерлерге Бауыржан көрдім деп айтқан адамдар болған екен, бірақ олар ақпаратты толық тексермеген деп ашынады оның жолдастары.
– Біз өзіміз барып елдің қорасын қарап іздедік. Солдаттарға уақыт өтсе болды. Химик ауылында бір адам көрдім деген. Ол солдаттарға өтірік көрмедім деп, қорада отырған Бауыржанға: «сені іздеп жүр, қаш» деп айтқан екен. Сол көшеде тағы да бір әйел көрген екен, мен оған нан су бердім дейді. Көрген адамнан алып кетіп сұрай береді. Олардан қайта-қайта сұрай береді. Мазасын алады. Соңында әлгі әйел «бекер-ақ айтқан екенмін» деді. Біздің енді қатты сеніп отырғанымы бір апа мен бір ер кісі көрген. Ол кісі басында көрмедім деді. Сосын жылап тұрып көргенін айтты. Бәрі көрген, көп адам көрген. Айтуға қорқып отыр. Жаңағыдай мазасын алады, қайта-қайта жауап алып. Сосын ешкім көргенін айтпайды. Жасөркендегі қойшылардың көбі көрген бірақ олар айтпайды. Ең соңғысы Құмшағалдан шықты. Одан кейін хабар жоқ. Құмшағалда кафеге келді деді, одан кейін жоқ болды.
Ресми органдар жауабы
Дәуітбаев ісіне қатысты «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы əскерлерінің қолбасшысы Қ.Қарақұловқа сауал жолдадық.
«Əскери қызметкер Бауыржан Дəуітбаев туралы әзірге ешқандай ақпарат жоқ. Біздің тарапымыздан Бауыржан Дәуітбаевты іздестіру Жамбыл облысы бойынша Шекара қызметі департаментінің бастығына, 5513 әскери бөлімінің командиріне (Ұлттық ұлан), кинологтарды қызметтік иттерімен бөлуіне өтінімдер жолданып, іздестіру жұмыстары ұйымдастырылуда. 28349 әскери бөлім аумағындағы өрт және жарылыс салдарын жою жұмыстары, қажетті жиындар мен ұйымдастыру шаралары өткеннен кейін, 2022 жылдың 28-ші наурызынан бастап жанданады деп жоспарлап отырмыз. Бұл жұмыстарға аумақты жарылу қаупі бар заттардан тазалаудан басқа 28349 әскери бөлімнің техникалық аумағының топырақтарын електен өткізіп, хабарсыз кеткен әскери қызметшіміздің денесі мен сүйегін іздестіру жұмыстарыда жатады. Екінші сұрақ бойынша: әскери бөлімнің аумағы әрине, толықтай тексеріліп біткен жоқ. Ол үшін әуелі аумақты жарылыс салдарынан шашылған жарылу қаупі бар заттардан дайындалған арнайы жасақтар (саперлар) тазалап, аумақты залалсыздандыруы қажет, сонымен қатар іздестіру жұмыстары да біраз күштер мен уақытты талап етеді. Бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр» делінген ведомства жауабында.
Қазақстан Республикасы әділет министрлігінің сот сараптамалары орталығына «Сот медициналық – сараптама тәжірибесінде әскери бөлімшеде орын алған жарылыстан адамның сүйегі немесе дене мүшелері күлге айналу мүмкін бе?» деген сауал жолдадық.
Қазақстан Республикасы әділет министрлігінің сот сараптамалары орталығы (әрі қарай – Орталық) тарапынан төмендегідей жауап келді.
Сот-медициналық тәжірибе мәліметтері бойынша, адам денесі өрт ошағында болғанда және оған жоғары температура, атап айтқанда жалын әсер етсе, адам денесі толығымен жанып, содан кейін күл пайда болады. Сот-медициналық практиканың мәліметтері бойынша, жарылыс кезінде мәйіттің қалдықтарын толығымен жою жоғары температура (жалын) көзінің әсерінсіз мүмкін емес. «Сот-сараптама қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 3-бабына сәйкес әкімшілік сот ісін жүргізуді, қылмыстық, азаматтық істер бойынша, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізуді сот сараптамасының нәтижелерімен қамтамасыз ету сот-сараптама қызметінің міндеті болып табылады.
Қоймадағы өрт
Қоймаларының түгел дерлігі (110-ы өртенген, 3-еуі аман қалған) бүлінген әскери бөлім аумағындағы төтенше жағдай салдарын жою жұмыстары министрліктің «қолда бар қаражаты мен Үкімет резервінен қосымша бөлінген қаражат есебінен жүргізілді».
Бұған дейін, жаздың соңына қарай, 26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданының №28349 әскери бөлімінде өрт шығып, оқ-дәрі қоймасы жарылған. Апат түні жарылыс ошағына жақын ауылдардан бірнеше мың адам эвакуацияланған, жүзге тарта адам зардап шеккен. Оқиға кезінде және кейін жарақаты салдарынан барлығы 17 адам қаза тапты. 10 адам азаматтық қорғаныс, 6 адам қорғаныс министрлігі, тағы біреуі әскери прокуратура қызметкері. Апатқа байланысты Қылмыстық кодекстің 462-бабы («Қару-жарақ, сондай-ақ айналадағыларға қауіп төндіретін заттармен жұмыс істеу қағидаларын бұзу») бойынша қылмыстық іс ашылған.
Елді дүрліктірген Байзақ жарылысынан кейін қорғаныс министрі болған бірер жылда екі ірі жарылысты көрген Нұрлан Ермекбаев отставкаға кетті. Қазақстанда әскери нысандарда төтенше жағдай жиі болады. Сарапшылар мұны қорғаныс саласындағы «дағдарыс» ретінде бағалайды, себебін жүйенің тиімді жұмыс істемеуімен түсіндіреді.