Жамбыл облысы Жамбыл ауданының Аса ауылында зертханалық талдаудың 800-ден аса түрін жасауға арналған «Invivo» зертхана-лабораториясы ашылды.
Бүгінде зертханаға келушілердің қарасы қалың, өйткені, бағасы қолжетімді. Ашылғанына көп болмаса да, мұнда 100-ден астам тұрғын дертіне шипа іздеп келіп, тиісті медициналық көмек алған.
Мемлекеттік лицензияға сәйкес, зертхана екі негізгі қызмет түрін жүзеге асырады. Бірінші – зертханалық диагностика: бактериологиялық, иммунологиялық, жалпы клиникалық, биохимиялық, серологиялық зерттеулер болса, екіншісі – алғашқы медициналық-санитарлық көмек. Аталған зертхананың міндеті – жоғары сапалы зертханалық талдаулардың бірнеше түрін алу қиын болған жағдайда, қолжетімді бағамен сапалы қызметтерді ұсыну.
«Invivo» зертхана-лабораториясының аудандық пунктінің директоры Жеңіс Сопбековтың айтуынша технологиялар барлық зертханалық зерттеулердің тарихын сақтауға мүмкіндік береді. Бұл дегеніміз статистиканы жинауға және мемлекеттік органдарға ұсыну үшін зертханалық сынақтарды талдауға, сондай-ақ қажет болған жағдайда пациенттің бірінші талабы бойынша қайтара зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді.
Айта кету керек, егемендікке қол жеткізгелі Жамбыл ауданында 400-ге жуық әлеуметтік, кәсіпкерлік бағыттағы нысандар бой көтеріп, жамбылдық 86 мың тұрғынға қызмет көрсетуде.
Өңірлік коммуникациялар қызметі






