Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі облыс көлемінде орналасқан жергілікті маңызы бар, мемлекеттік тізімге алынған және алдын-ала тізімде тұрған тарихи-мәдени ескерткіштерді қадағалаушы орган болып табылады.
Мекеменің негізгі міндеттері — Жамбыл облысында орналасқан тарихи-мәдени мұра объектілерінің жай-күйіне мониторинг жұмыстарын жүргізу, жергілікті маңызы бар ескерткіштерге мәртебе беру, археологиялық жұмыстарды жүргізу және ғылыми-реставрациялық құжаттарды қарау және келiсу.
Бүгінгі таңда облысымызда 3435 тарихи-мәдени ескерткіштер бар. Олардың 5-уі — халықаралық ЮНЕСКО ның Бүкіләлемдік мәдени мұра тізбесіне алынған, 25-і – республикалық дәрежедегі ескерткіш, 698-і жергілікті маңыздағы ескерткіштер, 2707 тарихи-мәдени ескерткіштер алдын-ала тізімге алынып отыр.
2021 жылы жұмыс барысында 668 тарихи-мәдени нысанның жерге орналастыру бойынша мемлекеттік АКТ-ы дайындалды. (Оның 176-сы тарих және-археология ескерткіштері). 2022 жылы облыс көлемінде 86 тарихи-мәдени ескерткіштердің қорғау аймағын белгілеу жоспарланған. Алайда, аталған жұмыстар жергілікті бюджеттен тиісті қаражат бөлінбегендіктен бүгінгі күнге тоқтап тұр.
2021 жылы жоспарға сәйкес облыс көлемінде орналасқан 500 қалақұрылысы және сәулет ескерткіштерінің жай-күйі мен сақталуын анықтау бойынша мониторинг жұмыстары жүргізілді. Олардың ішінде 492 қала құрылысы және сәулет ескерткіштерінің құжаттамалары
толықтырылып жерге орналастыру жөніндегі мемлекеттік АКТ-лары дайындалды. Сонымен қатар, 2021 жылы Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл толуына орай Жамбыл облысы аумағында орналасқан Жамбыл Жабаев ескерткіштеріне (жалпы саны 8 нысан) де мониторинг жұмыстары жүргізілді.
1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында қаза болған жауынгерлерге арналған 197 ескерткіштердің құжаттары қайта қаралып теңгерім иелері бекітілді.
2021 жылы Меркі және Тұрар Рысқұлов аудандарындағы 30 Тарих және мәдениет ескерткіштерінің атауын, тарихи маңыздылығын қысқаша сипаттайтын, санатын қамтитын қорғау тақталары орнатылды.
2022 жылы ескерткіштерге мәртебе беру бойынша 15 тарихи- мәдени ескерткіштерге ҚР Заң талаптарына сәйкес сараптама жұмыстары жүргізіліп, Республикалық комиссияның қарауына ұсынылды.
Облыс көлемінде орналасқан тарихи-мәдени нысандарға жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстарына тоқталсақ: 2021 жылы Байзақ және Талас аудандары аумағында орналасқан жоспар бойынша шаршылы немесе төртбұрышты келген ортағасырлық төрткүлдерге барлау және қазба жұмыстары атқарылды.
2021 жылдың қыркүйек, қазан айларында Талас ауданы Қаратау қаласының батыс шетінде орналасқан ортағасырлық «Тамды» қалашығын (VI-XIII ғғ.) музейлендіру мақсатындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарына және Жуалы ауданында орналасқан Бурнооктябрьск (Баркуаб VI-XIII ғғ.) қалашығына жүргізілген археологиялық жұмыстарына бақылау жұмыстары жүргізілді. 2022 жылы облыстық бюджеттен бөлінген 10 млн. теңгеге Барқуаб ортағасырлық қалашығына археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіледі.
2022 жылдың сәуір-маусым айларында Байзақ, Талас және Т.Рысқұлов аудандарында «Талас өңірінің ортағасырлық төрткүлдері және мәдени ландшафты» тақырыбында жүргізілген барлау және қазба жұмыстарына (жетекші PhD доктор Е. Ақымбек) облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау мекемесінің қызметкерлері де қатысты.
2022 жылғы жартыжылдықтың қортындысы бойынша облыс аумағында орналасқан археологиялық (350 қалашықтар, қоныстар, төрткүлдер, қарауыл мұнараларымен бекіністер) тарихи-мәдени мұралар объектілерінің жай- күйін, сақталу деңгейін анықтау мақсатында Байзақ, Жамбыл, Меркі, Қордай, Сарысу және Шу аудандарында мониторинг жұмыстары жүргізілді.
Нәтижесінде бұл аудандарда бірнеше елді-мекендердің, қалашықтар мен қоныстардың табиғи факторлардың және құрылыс (тұрғын-жайлар, көшелер және жер учаскелері жеке меншікке беріліп кетуі т.б.) салу салдарынан қорғау аймағының бұзылып жатқаны анықталды. Анықталған кемшіліктерді слайдтардан көруге болады.
Шешімін табуды қажет ететін мәселелер:
1) Жамбыл облысындағы 10 аудан мен Тараз қаласында ескерткіштерді қорғау инспекторлары жұмыс атқаруда. Тарихи-мәдени ескерткіштердің сақталу деңгейін анықтап, мониторингтер жүргізу үшін инспекторларды техникалық жарақтандыру (фотоаппарат, GPS құрылғысы) тоқсанына бір рет автокөлікті жанар — жағар маймен қамтамасыз ету қажет.
2) Тараз қаласы мен аудан әкімдіктеріндегі жер телімдерін бөлу кезінде қалалық, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшылары немесе тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау инспекторларын жер бөлу комиссиясы құрамына енгізуді ұсынамыз.