Жамбыл облысының медициналық мекемелеріне жаңа жедел жәрдем көліктері пайдалануға берілді. Бұдан бұрын облысқа ӨЖЖ аппараттары, пульсоксиметрлер және оттегі концентраторлары бар гуманитарлық жүк жеткізілген болатын.
Аталған көмек «Самұрық-Қазына» АҚ мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында көрсетіліп отыр. «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы — «Samruk-KazynaTrust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры қажетті құрал-жабдықтарды сатып алып, аймақтарға табыстаған.
Жамбыл облысына үш ӨЖЖ аппаратын, бес оттегі концентраторын, 50 пульсоксиметр жеткізлді. Сондай-ақ, облысқа «Chevrolet Damas» маркалы сегіз жедел жәрдем көлігі берілді.
— Біз барлық жанашыр азаматтарға медициналық препараттар мен дәрі-дәрмектерді, оттегі концентраторларын, ӨЖЖ аппараттарын және пандемиямен күреске қажетті басқа да құралдарды сатып алуға көмектескені үшін алғыс айтамыз. Бұл көмектердің маңызы зор. «Самұрық-Қазына» АҚ — нан алынған барлық жабдықтар қалалық және аудандық емханаларға үлестіріледі, — дейді денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.
«Бұл шаралардың барлығы біздің медицинамыздың жұқпалы аурулардың, соның ішінде COVID-19 індетімен күресуге дайындық деңгейін арттыруға және ұлттық денсаулық сақтау жүйесін нығайтуға бағытталған», — деп атап өтті «Samruk-KazynaTrust» қорының ресми өкілі Мирас Іргебаев.
Еске сала кетейік, аталған меморандум аясында республиканың денсаулық сақтау жүйесіне 100 жедел жәрдем көлігі, 1 000 оттегі концентраторы, 50 ӨЖЖ аппараты, 1 000 пульсоксиметр жеткізілетін болады.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі