Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданындағы қарқынды шие бағы биыл екінші жыл қатарынан жемісін беріп жатыр. 100 гектар аумақты алып жатқан бақтан биыл 200 тонна өнім жинау жоспарлануда.
2017 жылы бастау алған жоба «ARNO AGRO» ЖШС-не тиесілі. Бүгінгі таңда аталған бақта 166 000 түп шие ағашы бар. Су үнемдеу технологиясы мен күтіп-баптаудың арқасында ағаштар бой көтеріп, мәуелеп тұр.
Шаруашылық басшысы Самат Махамбетжанов бүгінде өнім жинаумен айналысуда. Қазіргі таңда қарқынды бақтағы шие теру жұмыстарына 200- ден аса адам тартылған.
-Шие көшеттері ауа райына тез бейімделеді, әрі төзімді. Аса көп күтімді қажет етпейді. Биыл өнім мол. Қазір шиені жинап, өткеріп жатырмыз. Сусын мен тосап үшін тұрғындардан сұраныс көп, -дейді кәсіпкер.
Шаруашылық өткен жылы 50 тонна өнім алса , биыл 200 тонна шие жинауды жоспарлап отыр. Айта кету керек, бүгінгі таңда Жамбыл облысында мол өнім беретін үдемелі бақтардың көлемі 1 145 гектарды құрайды.
Өңірлік коммуникациялар қызметі






