Форум үш секция бойынша өтті. «Үкіметтік емес ұйымдардың қоғамдағы рөлі» тақырыбындағы секцияға басқарма басшылары, Азаматтық қоғам өкілдері, Тараз қалалық және аудандық ішкі саясат бөлімдерінің басшылары, ардагерлер кеңесінің төрағалары, этномәдени бірлестік төрағалары қатысты.
«Бизнес, үкіметтік емес ұйымдар және мемлекеттік органдар арасындағы диалог» тақырыбындағы секцияда бірқатар маңызды мәселелер талқыланды.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тақырыбы қозғалған үшінші секцияға Тараз қаласы мен аудан әкімдері және басқарма басшыларының баспасөз хатшылары, қоғамдық кеңес төрағалары, облыстық телеарналар мен баспа газеттерінің бас редакторлары, Тараз қалалық және аудандық баспа басылымдарының бас редакторлары қатысып, билік пен бұқара арасындағы ашық байланысты кеңейту жолдары сөз болды.
Осы секцияға қатысқан Парламент Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымоваға қазіргі уақытта ең өзекті болып тұрған су тапшылығы мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудағы кедергілер жөнінде сауал қойылды.
– Су тапшылығына байланысты осы облыста 6 ауданда төтенше жағдай жарияланды, қазір ондағы зардап шеккен шаруаларға көмек көрсетіліп жатыр. Бұл жағдай неден туындады, бұл бағытқа бюджеттен ақша бөлінді, бірақ оған тікелей жауапты кім? Өз міндетін дұрыс атқара алмай, сондай ахуалға жеткізгені үшін ол тұлға жауапқа тартылуы керек қой. Міне, осы жайттарды көтеріп, депутаттық сауал жолдадым. Тек су тапшылығы емес, жалпы барлық салада да мәселе туындауына себепкер болған басшылық жауапкершілікке тартылмаса, іс оңбайды, қателік қайталана береді. Жауапкершілігін шын ұғынса, басшылық та халыққа нақты не керек, соған қарай әрекет етіп, ақылды шешім қабылдайды. Біздің облысқа су беретін қырғыз елінде де су тапшы болды. Осының бәрін ескеріп, алдын ала амалын жасап, диқандарға мол суды қажет ететін егіндікті көп екпеуді ескерту керек еді. Міне, енді ертерек ескерілмегеннің кесірінен шаруалардың қаншама еңбегі еш кетті. Шаруаларға су жеткізетін канал салу үшін шетелден несие алынды, ол қарызды қайтару керек, оның пайыздары өсіп жатыр. Ал, сол несиеге салынып басталған каналдар межеленген уақытында аяқталған жоқ. Жасап жатқан жұмыстарының сапасы да төмен. Медицина саласына келер болсақ, қазір денсаулық сақтау ісінде жағдай қиын. Президенттің тапсырмасымен дәрігерлердің, мейірбикелердің жалақысы көтерілді, бірақ оған қаржы қаралмай, басқа бағытқа жоспарланған қаражат жұмсалуда. Халық тарапынан да дертін анықтау үшін арнайы аппараттарға түсуге көптеп кезек күтетіні, сөйтіп жүргенде ауруды асқындырып алатыны сөз болып, медицина саласына сын көп айтылады. МӘМС жүйесін енгізгенде көзделген мақсаттар әлі жүзеге аспай тұр. Парламентке келгенде алғашқы депутаттық сауалым да осы медицина ісіндегі түйткілдерге байланысты болған еді, – дейді депутат әрі тәжірибелі дәрігер Гүлдара Алданышқызы.
Азаматтық форумға жергілікті азаматтық сала өкілдерімен қоса Қазақстанның сегіз өңірінен ішкі саясат басқармасының мамандары арнайы қатысты. Форумның пленарлық отырысын облыс әкімі Ербол Қарашөкеев өзінің кіріспе сөзімен ашты.
– Азаматтық форум азаматтық қоғам дамуының негізгі серіктесі. Аталған форумның аясында үкіметтік емес және коммерциялық емес ұйым, халық үніне құлақ асатын мемлекет құрудың негізгі тетіктері болып табылатынына сенімім мол. Азаматтық қоғам өзіндік ой-пікірлері мен бағыты айқындалған, қызметін заң аясында жүзеге асыратын орта қалыптастыратыны белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ, аса маңызды жалпы мемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет» деді. Әлеуметтік, экономикалық дамудың демократиялық құндылықтарының ел игілігіне айналуындағы алғышарттардың бірі азаматтық қоғамның белсенділігінің нәтижесі. Республика бойынша 23335 үкіметтік емес ұйым тіркелсе, біздің өңірде 878 ұйым бар. Оның бес жүзге жуығы облыстың түрлі саласында белсенді жұмыс істеп отыр. Үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері президенттік сайлауда, жалпыхалықтық референдумда, Мәжіліс және барлық деңгейлі мәслихат сайлауларында бақылаушы, сарапшы ретінде жұмыстарын көрсетіп жүр. Олар халықтың маңызды мәселелерін көтеруде де белсенділіктерін жылдан жылға арттырып келеді. Дегенмен де бұл бастамашылық сындарлы диалог ретінде жүзеге асуы керек деп есептейміз, – деген облыс әкімі Ербол Қарашөкеев форум жұмысына сәттілік тіледі.
ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрінің міндетін атқарушы Данияр Қадыров форум қатысушыларына мемлекетіміз әлеуметтік бастамаларды әрқашан қолдайтынына сендірді. Сондай-ақ Қазақстанның Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева, «SHEBER SHANYRAQ» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Анар Бексұлтанова, «Жамбыл облысының Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Исламбек Дастан да сөз сөйледі. Өткір пікірлері мен ұсынымдарына айрықша назар аударған өңір басшысы Исламбек Дастанға өзіне штаттан тыс кеңесші қызметін ұсынып, бірлесе жұмыс атқаруға шақырды.
Шара соңында салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Еріктілер, қоғамдық бірлестіктердің жетекшілері мен өкілдері «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісімен, Құрмет грамоталарымен, Жамбыл облысы әкімінің Алғыс хаттарымен, Қазақстанның Азаматтық Альянсының Алғыс хаттарымен марапатталды.
Сондай-ақ форум барысында үкіметтік емес ұйымдарға қолдау көрсету шараларын, соның ішінде гранттарды қаржыландыру және маңызды жобаларды жүзеге асыру мақсатында өңірдегі бірнеше ірі кәсіпорындармен үшжақты меморандумға қол қойылды. Үкіметтік емес бірлестіктердің қоғамдағы рөлін талқылау панельдік секцияларда жалғасты. Қатысушылар «Тараз – қолөнершілер қаласы» көрмесін де тамашалады.
Жамбыл облысының
«МЕМЛЕКЕТ. ҚОҒАМ. БИЗНЕС. ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАНДЫ ҚҰРУДАҒЫ ӘРІПТЕСТІК» ХІ-ші Азаматтық форум қатысушыларының
ҰСЫНЫМДАРЫ
«МЕМЛЕКЕТ. ҚОҒАМ. БИЗНЕС. ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАНДЫ ҚҰРУДАҒЫ ӘРІПТЕСТІК» тақырыбында өткен Жамбыл облысының Азаматтық форумының қорытындысы бойынша спикерлер мен қатысушылардың пікірін ескере отырып, төмендегі ұсыныстарды қабылданды.
- Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс конкурстарын және түрлі гранттық бағдарламаларды өткізу арқылы облыстық басқармалардың бейінді ҮЕҰ-мен өзара іс-қимылын күшейту;
- Жыл сайынғы МӘТ тақырыптарын жоспарлау барысында өңірлік проблемалар, аумақтық ерекшеліктер мен қоғамдық-саяси ахуалдың болжамдауын ескеріп, «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыру, іске асыру мониторингі және осы тапсырыстың нәтижелерін бағалау» қағидаларының 6-тармағына сәйкес қалыптастыру, ресми интернет-ресурстарда жариялау және Кеңестің қарауына шығару;
- Салалар бойынша мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар аясында өзекті мәселелерді шешу үшін жобалар санын арттыру және әлеуметтік жобалардың тақырыптарын анықтау үшін азаматтар мен үкіметтік емес ұйымдардың арасынан ұсыныстар жинауды ұйымдастыру;
- Қала және аудан аумақтарында ауылдық үкіметтік емес ұйымдарды және азаматтық қоғамды қолдауға бағытталған әлеуметтік жобаларды іске асыру.
- Жергілікті жердегі ірі кәсіпорындардың Үкіметтік емес ұйымдарға жыл сайын қолдау көрсету, гранттарға қаржы қарастыру және маңыздылығы жоғары жобалар байқауына сол өңірде тіркелген ұйымдарды ғана қатыстыру мүмкіндігін қарастыру;
- «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының ҮЕҰ өкілдерімен кездесулерін өткізу және олардың нәтижелері бойынша азаматтық қоғам үшін өзекті мәселелер тізбесін қалыптастыру, ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл жөніндегі уәкілетті қызметін жандандыру;
- Германия елінің тәжірибесін ескеріп, жеке меншіктегі мектепке дейінгі білім беру ұйымдары мен орта білім беру ұйымдарын құқықтық санатын үкіметтік емес ұйымдарға ауыстыру. ҮЕҰ білім беру ұйымдары берілсе ашық және жария есептілікке қолжеткізу.
- Ашық бюджет қағидатымен «Ашық НҚА» сайтына бюджеттердің детализацияларын енгізу;
- Пилоттық жоба ретінде «Азаматтық бақылау негізінде жергілікті атқарушы билік пен үкіметтік емес ұйымдар арасында бірлескен кешенді жұмыстар атқаруды»;
- «Халық қатысатын бюджет» жобасына моноқалаларды кіргізу.
- «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатымен министрлер, әкімдер халықпен кездесулер өткізілуде. Бірақ барлық басшылар алдын ала әлеуметтік желілер арқылы аңдатпа ұсынбауда. Осыған орай, басшыларды аңдатпа жіберіп халықпен кездесуді ұсынамыз.