Жамбыл ауданы Айша-бибі ауылындағы көпбалалы отбасының отағасы Бақтияр Жампозовқа баспана кілті табыс етілді. Бес бөлмелі үй жергілікті биліктің қолдауымен «Асарлатып үй салу» жобасы аясында тұрғызылған.
Салтанатты шараға арнайы қатысқан Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев үй иелерін құттықтап, бақ-береке, тыныштық тіледі.
— «Асар» – халқымыздың ежелден келе жатқан игі дәстүрі, ол адамдарды ізгі іске жұмылдырып, жас ұрпақты мейірімділік пен жанашырлыққа баулиды. Қазақтар ешқашан жетімдері мен жесірлерін жылатпаған. Жерлестеріміздің мұқтаж жандарға көмектесу туралы осындай ұсынысты бір ауыздан қолдағаны қуантады. Мұндай мереке әр отбасында бола берсін! — деді облыс әкімі.
Бүгінде Бақтияр жұбайы Жанар Мұхамедияровамен бірге алты бала тәрбиелеп отыр.
— Үлкен немерем 11 жаста, кішісі бір жасқа толды. Біз өте бақыттымыз және арманымыздың орындалуына көмектескен жанашыр адамдарға шын жүректен алғыс айтамыз. Ұлым қоғамдық жұмыстарға тартылған, ал келінім декреттік демалыста. Олар ұзақ жылдар бойы тұрғын үйді жалға алып, тапқан ақшаларының барлығын дерлік сонда жұмсап жүрді. Енді олар өз үйлерінде барынша еркін өмір сүреді деп ойлаймын. Қазіргі қуанышты әсерімізді сөзбен айтып жеткізе алмаймын, — дейді үйдің әжесі Илан Айтқұлова көзіне жас алып.
Осы күні Бердібек Сапарбаев аудандағы тағы бір қуанышты шараға қатысты. Аса ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды. Облыс әкімі ауыл тұрғындарын айтулы оқиғамен арнайы құттықтады.
Аймақ басшысы ағымдағы жылы спортты дамытуға алты миллиард теңге бөлінгенін айтты. Жыл соңына дейін 11 кешен есігін айқара ашады, тағы біреуі келесі жылы пайдалануға берілмек. Бұдан бөлек облыста 92 спорт алаңшасы салынуда.
— Мемлекет барлық жастағы тұрғындарды спортқа тарту үшін қолайлы жағдай жасауда. Бүгінгі таңда облыс тұрғындарының 31 пайызы дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысады. Бұл көрсеткіш өсе түсуде. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ірі ауылдарда спорт нысандарын салу туралы тапсырма берген болатын. Жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені «Ауыл — ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында бой көтерді. Мұнда балалар спорттың он түрімен шұғылдана алады. Кешенде жаттыққан жасөспірімдер алдағы уақытта белгілі спортшыға айналып, еліміздің абыройын асқақтататынына сенімдімін. Сіздерді жаңа кешеннің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын, — деді облыс әкімі.
Бердібек Сапарбаев басқа да маңызды салалардағы жетістіктерге тоқталып өтті. Ағымдағы жылы әр түрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында Жамбыл облысын дамытуға қосымша 8 миллиард теңге қарастырылғанын ауылдық тұрғындар бәрі бірдей біле бермейді. Дегенмен, олар ауылдардағы сумен және газбен қамту, жолдарды жөндеу, әлеуметтік нысандар салу мәселелерінің жүйелі түрде шешіліп жатқанына куә болуда.
Ауыл ақсақалдары тұрғындардың мемлекет қамқорлығын сезініп отырғандығын атап өтті. Ауылдықтар жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің тамаша тарту болғанын мерейлене жеткізді.
Кешен құрылысына 590 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген. Мұнда спорт сүйер тұрғындар бокс, күрес, шағын футбол, теннис, волейбол, баскетбол ойнай алады. Жүгіру жолағы мен жаттығу залдары да қарастырылған.
— Барлық залдар таңертеңнен кешке дейін, әсіресе демалыс күндері де ашық болуы керек. Кешенде түрлі деңгейдегі жарыстар өткізуге барлық жағдай жасалған. Біз бұл мүмкіндікті тиімді пайдалануымыз керек, — деп тапсырды облыс әкімі салалық басқарма басшысы Нұрбол Жүнісбековке.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі






