ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті бастамасымен М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ұйымдастыруымен «Дулатитануға жасалған тағы бір қадам» тақырыбында кезекті онлайн адалдық сағаты өтті.
Ғұлама, ойшыл, әскери қолбасшы, көрнекті мемлекет қайраткері, әйгілі тарихшы, ақын, әдебиетші сынды қасиеттердің барлығын бойына сіңіре білген XVI ғасыр перзенті Мұхаммед Хайдар Дулати Моғолстан мен оған іргелес елдердің тарихы жөнінде аса құнды деректер беретін «Тарихи Рашиди» кітабы мен «Жаханнама» дастанының авторы, Жетісу жеріндегі ежелгі Дулат тайпасы әмірлерінің ұрпағы.
«Теңдік жоқ жерде ешқандай әділеттілік болмайды» деп пікір қалдырған М.Х.Дулати әділеттіліктің салтанат құруына жол бермейтін жағдайлар деп қаталдық, жүгенсіздік, сараңдықты және екі жүзділікті атап өтеді.
Сонымен қатар, ол өз шығармаларында адамзат құндылықтары, өмірдің мəні мен мағынасы туралы пəлсапалық ойларын түйіндеген. Өмірдің баянсыздығын, оның өтпелі екендігін айта келе бабамыз ұрпақтарын ізгілікке шақырған.
Онлайн-дәріс барысында жастар ғұламаның адами құндылықтар туралы философиялық ойларымен танысты.
Қанша ғасыр өтсе де айтылған насихат сөздері маңыздылығын жоймай, ұрпақтарын ізгі істерге, адамгершілікке жетелейді. Мұндай танымы терең, тағылымы мол тұщымды ойлар бүгінгі күнде де өз өзектілігін жоймаса керек. Ғұлама өсиеті ұрпақтан ұрпаққа жалғасын табар, желісін үзбес ұлы ұлағат болып қала бермек
Бейне-дәріс облыстық «Jambyl» телеарна эфирінде көрсетіліп, сондай-ақ Департаменттің Youtube-арнасында және әлеуметтік желілерде орналастырылды.
Бейне-дәріске сілтеме: https://www.youtube.com/watch?v=TeWTKYDkBqk






