Қазіргі уақытта Жамбыл облысында 87 этнос өкілдері тұрады. Әділет органдарында 40 этномәдени бірлестік тіркеліп, олардың 31-і қоғамдық аккредиттеуден өткен. Олар ҚХА-ның көпқырлы қызметіне белсенді қатысады. Бағытталған ортақ жұмыстар әрбір этносқа достық қатынасты көрсетуге, патриотизмді дәріптеу, өз Отанына деген сүйіспеншілік, құрмет сезімін тәрбиелеуге меңзейді. Жасөспірімдерден бастап аға буынына дейін әртүрлі жас топтары қамтыла отырып, қайырымдылық, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, салт-дәстүрлерін көрсету, тілдерді меңгеру және басқа бағыттар бойынша жұмыстар атқаруда. Былтыр «Қоғамдық келісім» ұйымдастыруымен 77 мыңға жуық адамды қамтыған 1075 іс-шара өтті.
Биыл Таразда және облыс аудандарында этностар жинақы тұратын шалғайдағы ауылдардың тұрғындарын қамти отырып, «Достық керуені» ағартушылық жобасын іске асыру жалғасын табатын болады. Бұл жоба этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты түсіндіруге бағытталған және оның мақсаты – коммуникацияларды қалыптастыру мен ҚХА этномәдени бірлестіктері мүшелерінің халықпен кездесулерін өткізу, диалог алаңдарының жұмысына қатысу.
— Жоба шеңберінде өңірлік ҚХА құрылымдары – аналар кеңесі, ақсақалдар кеңесі, «Ассамблея жастары» РҚБ, ҚХА медиаторлары, ғылыми-сараптамалық зерттеу тобының қатысуымен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, үкіметтік ұйымдар мен халық арасындағы өзекті мәселелерді консультативтік-кеңесші органдар ретінде шешетін тиімді, әрі әмбебап диалог алаңына айналған «Бейбітшілік пен келісім» ауқымды жобасы да жалғасын табады. Аймақ аудандарындағы этностар ықшам тұратын аймақтарда ҚХА, өңірлік этномәдени бірлестіктердің мүшелері ақпараттық топтар құрамында бірлік пен келісім саясаты, этносаралық қарым-қатынас тілі ретінде мемлекеттік тілді дамыту, мемлекеттік саясатты ілгерілету мәселелері бойынша ағарту жұмыстарын жүргізуді жалғастырады, — дейді «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мубарак ЖИНАҚБАЕВА.
Оның мәлімдеуінше, этномәдени бірлестіктер мен жалпы облыс көлеміндегі этнос өкілдері мемлекеттік тілді үйренуге ерекше көңіл бөліп келе жатыр. Осы негізде мемлекеттік тілді дамыту, оны этносаралық қарым-қатынас тілі ретінде пайдалану шеңберінде «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» ашық алаңы жобасы еңсеріледі. Онда мемлекеттік тілді еркін меңгерудің арқасында қызметтік табысқа қол жеткізген спикерлерден тұратын пул қалыптастырылады. Бұған қоса, мемлекеттік тілдегі өзекті тақырыптарды талқылайтын «Мәміле» қазақ тілі пікірталас клубы жұмыс істейді.
Былтыр Достық үйінде Жамбыл облысы ҚХА құрылымдары, этномәдени бірлестік өкілдері, білім және мәдениет саласы мамандарының қатысуымен «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» ашық алаңы өтті. Ашық алаңда ой толғау екі түрлі бағытта қамтылды: «Менің қазақ тіліне жету жолым» бағытында Гродеково орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Забида МИРЗАЕВА мен Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғарғы колледжінің студенті Надежда ШАМЛИДИ мемлекеттік тілді игеру жолындағы қызықты оқиғаларымен бөлісті.
Былтырғы жылғы «Тіл мерейі» номинациясының иегері, төтенше жағдайлар басқармасының инженері, азаматтық қорғау аға сержанты Карина КАРТАШОВА және қарашай-балқар этномәдени бірлестігінің мүшесі, «GeoMed» клиникасының УЗИ дәрігері Зарина БИТУЕВА, Сортөбе ауылындағы №16 орта мектебінің директоры Шамиль ЕСАРОВ мемлекеттік тілді меңгеру арқылы қызметтегі жеткен жетістіктерін айтты. Жоба аясында былтыр 12 спикер тізімі қалыптастырылды.
Мұнымен қатар, Қазақстанның түрлі этностарының өкілдерін мемлекеттік тілді үйренуге ынталандыру арқылы қазақстандық бірегейлікті дамытуға бағытталған этнос балалары арасында «Мың бала» республикалық мәдени-ағарту жобасына қатысу қолға алынған.
ҚХА қызметінің негізгі бағыттарының бірі — қайырымдылық көрсету. Мысалы, этномәдени бірлестіктер дәстүрлі түрде «Ерікті донор», «Жылу», «Қоржын», «Мейірімді жүрек», «Бар жақсымыз – балаға», «Мектепке жол», «Қамқор» және басқа қайырымдылық акцияларын жүзеге асырып келеді.
Жамбыл облыстық ҚХА Аналар кеңесі өскелең ұрпақпен де жұмыс жасайды. Мысалы, «Болашақ» жазғы сауықтыру лагерінде, жасөспірімдер үйінде, Тараз қаласындағы №35 орта мектептің жазғы лагерінде демалушы балалармен кездесті. Іс-шараның жеткіншек қатысушыларына «Жасыл сертификат» пилоттық жобасының аясында және аталмыш жобаны ілгерілету мақсатында нашақорлықтың қасіреті жөнінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
— ҚХА аналар кеңесі «Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында Т.Рысқұлов, Шу, Қордай, Сарысу, Талас аудандарында аналар кеңестерімен кездесу өткізіп, маңызды жобаларын талқылады. Сондай-ақ, жергілікті халықтың өтініш-тілектерін, әлеуметтік мәселелерін тыңдады. Нәтижесінде 12 мәселе көтеріліп, оның 9-і жергілікті орында қарастырылып, 3-уі тиісті мекемелерге жолданды, — дейді Мубарак Жинақбаева.
«Махмұт Қашғари» атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігі «Балалар біздің болашағымыз» атты «Бала Ғест» фестивалін, республикалық дүнген аналар кеңесі «Әрдайым бейбітшілік болсын» арт-фестивалін, немістер қоғамы «Гүлдер ертегісі» интерактивті спектаклін, еврей аналар кеңесі «Әлемді сан-түрлі бояумен» сурет салу байқауын, түрік аналарының мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған думанды кешін, орыс этномәдени бірлестігі жанындағы аналардың балалар қолөнерінің жәрмеңкесі сияқты кең форматты шаралар өткізді. Және де бұл жұмыстар өз жалғасын табады.
Бірлестіктердің өкілдері облыстың барлық қоғамдық-мәдени маңызды іс-шараларына белсенді түрде қатысып, этностардың мәдениет күндерін, қайырымдылық акцияларын өткізеді, мемлекеттік және ана тілдерін оқытуды насихаттайды, ғылыми-практикалық конференциялар, көрмелер, акциялар, байқаулар, фестивальдер, челлендждер және басқа шараларды ұйымдастырады.
— Бүгінде ҚХА-ның мақсат-міндеттері жаңғыртылды. Олардың ішінде қоғамда адами құндылықтарды: мейірімділікті, достықты, ризашылықты, азаматтардың бір-біріне деген сүйіспеншілігін ілгерілету арқылы қазақстандық бірегейлік пен халық бірлігін нығайту және дамытуға басты назар аударылып отыр, — дейді М.Жинақбаева.
Авторы: Айжан Ауелбекова
Мақала Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының ақпараттық саясаты тапсырысы негізінде жарияланды