Баспасөз конференциясы «Тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау және қорғау» тақырыбына арналды.
Баспасөз конференциясы барысында жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштердің жай-күйі мен археологиялық қазба жұмыстарының барысы мен мақсаты, осы уақытқа дейінгі нәтижелері жөнінде баяндалды.
Мәселен, қазіргі таңда Жамбыл облысында жалпы саны 3471 ескерткіш болса, оның ішінде жергілікті маңызы бар 735 тарихи-мәдени ескерткіш мемлекеттік тізімге енгізілген. Оның ішінде 302 ескерткішке тұрақты жер пайдалану құқығын растайтын мемлекеттік актілер әзірленген, ал 433 ескерткіш бойынша мұндай құжаттар әлі рәсімделмеген.
«Жыл басынан бері облыстың бірқатар аудандарында археологиялық және тарихи нысандардың қазіргі жай-күйі зерттеліп, олардың сақталу деңгейіне баға берілді. Сонымен қатар қорғау аймақтарының талапқа сәйкестігі тексеріліп, анықталған мәселелер бойынша тиісті ұсыныстар берілді. Археологиялық зерттеулер барысында да маңызды нәтижелерге қол жеткізілді. Байзақ ауданындағы Ботамойнақ тауының Қарасай және Қамыстыбұлақ шатқалдарында бұрын мемлекеттік тізімге енгізілмеген жартас суреттері анықталып, олардың географиялық координаттары белгіленіп, фотофиксация жұмыстары жүргізілді. Ал, Жуалы ауданындағы Бұрхансай шатқалында жүргізілген археологиялық барлау жұмыстары кезінде петроглифтер кешенінен көне түркі руникалық жазуы анықталды. Нысан цифрлық тіркеуден өткізіліп, құжаттандыру және алдын ала ғылыми талдау жұмыстары жүргізілді. Алғашқы оқылым нұсқасы «Менің ер атым – Аба» деп ұсынылған. Қазіргі уақытта жазудың толық мәтінін, мерзімін және тарихи-мәдени мәнмәтінін нақтылау бойынша ғылыми зерттеулер жалғасуда, — деді Сауран Қалиұлы.
2026 жылы Дирекция тарапынан тарихи-мәдени мұраны қорғаудың құқықтық, ғылыми және қоғамдық бағыттары қатар қамтылып отыр. Басты мақсат – әрбір тарихи нысанның нақты есебін жүргізіп, оның аумағын құқықтық тұрғыдан бекіту, сақталу жағдайын бақылау және ғылыми құндылығын кеңінен насихаттау. Бұл жұмыстар алдағы кезеңде де жүйелі түрде жалғастырылады.







