Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен жаңа, сегізінші шақырылымдағы Жамбыл облыстық мәслихатының бірінші сессиясы өтті.
Жиынды облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов ашты. Ол 2023 жылғы 19 наурызда өткен сайлаудың қорытындылары, депутаттық корпустың сапалық құрамы туралы баяндады.
Ал, аймақ басшысы жаңадан сайланған депутаттардың жұмыстарына табыс тіледі.
– Облыс экономикасын дамытуға, жамбылдықтардың әл-ауқатын жақсартуға қатысты мәселелерді жергілікті билік органдарымен бірлесе отырып шешуге барынша күш саласыздар деп ойлаймын.
Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл сайлау мемлекеттік билік институттарын жаңғырту жұмыстарының қорытынды кезеңі болмақ.
Осылайша, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты толық іске асады, — деді аймақ басшысы.
Облыс әкімі өз сөзінде 2025 жылға дейінгі облыстың даму жоспары аясында әлеуметтік мәселелерді шешу, инвестиция тарту бойынша алға қойылған міндеттерге де тоқталды.
– Атқаратын жұмыс көп, алдымызға ауқымды мақсаттар мен міндеттер қойып отырмыз. Ең алдымен, бюджет қаражатын тиімді әрі сапалы игеруге баса назар аудару қажет. Біз имидждік жобалардан бас тартып, ең алдымен әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған жобаларға басымдық берудеміз. Бірлескен жұмыстар арқылы бұл мақсаттарға қол жеткізуге болады.
Сондай-ақ, Мемлекет Басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес менің және барлық деңгейдегі әкімдердің облыс тұрғындарымен кездесуі жолға қойылған. Осы кездесулерге сіздердің қатысқандырыңыз дұрыс болар еді.
Халық қалаулыларының басты міндеті – халық сенімін ақтау. Өздеріңізге дауыс берген азаматтардың мүддесін негізге аласыздар деп сенемін, – деді облыс әкімі жиналғандарға.
Жаңадан сайланған депутаттардың бірауыздан қабылдаған шешімімен Абдалы Нұралиев облыстық мәслихаттың төрағасы болды.
Сессияда мәслихаттың тұрақты комиссиялары да құрылып, олардың жетекшілері сайланды.
Дереккөз: Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі