Күні кеше Жамбыл ауданы ішкі істер бөліміне орталық аудандық ауруханаға тегіс ұңғылы атыс қаруынан әр түрлі ауыр дене жарақаттарын алған 7 адамның жеткізілгені туралы хабарлама түсті. Жәбірленушілердің барлығы 22-42 жас аралығындағы ер адамдар. Сонымен қатар атыс қаруынан кеуде тұсына алған жарақат салдарынан осы ауданның 30 жастағы тұрғыны қаза болды.
Тергеу барысында оқиғаның Аса ауылынан Құмтиын ауылына бет алған көліктің екі жолаушысының ерегісуінен басталғаны, соның нәтижесінде осы екі ауылдың тұрғындарының арасында қарулы қақтығыс туындағаны анықталды.
Аталған дерек Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы, 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Аталмыш бапқа сәйкес 15 жылдан 20 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасы көзделеді. Қылмыстық іс бойынша сот-медициналық сараптамасы тағайындалды.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Жамбыл облысы ІІД Баспасөз қызметі