Бұл – партияның ашықтық, әділеттілік және сапалы әлеуметтік жобаларды іске асырудағы басты ұстанымдарының нақты көрінісі.
Бүгінгі таңда партия жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес пен Партиялық бақылау комиссиясының мүшелері аталған шағын ауданға арнайы келіп, құрылыс алаңында атқарылып жатқан жұмыстармен егжей-тегжейлі танысты. Делегация құрамында партия белсенділері, мәслихат депутаттары және құрылыс саласының мамандары болды.
Жалпы, «Әулие-Ата» шағын ауданында 22 көпқабатты тұрғын үйдің іргетасы 2024 жылдың қараша айында қаланған болатын. Бас мердігер ретінде «ҚазМұнайҚұрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі белгіленген. Қазіргі таңда мердігер компания құрылыс қарқынын арттырып, алғашқы пәтерлерді биылғы қыркүйек айында пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Ал барлық тұрғын үйлердің құрылысы толықтай 2027 жылға дейін аяқталады деп күтілуде.
Комиссия мүшелері құрылыс алаңын аралау барысында мердігер компания өкілдеріне нақты ұсыныстарын білдіріп, жұмыстарды сапалы әрі белгіленген кестеге сәйкес орындау қажеттігін баса айтты. Сонымен қатар, пайдаланылып жатқан құрылыс материалдарының сапасына, экологиялық және санитарлық талаптарға сай болуын қатаң бақылау керектігі ескертілді.
Айта кету керек, бұл ауданда ашылған партиялық бақылау посты құрылыс толық аяқталғанша тұрақты қоғамдық бақылау жүргізетін болады. Партиялық посттың жетекшісі ретінде Тараз қалалық мәслихатының депутаты Эльмира Абдинова бекітілді. Ол тұрғындардың арыз-шағымдарын тыңдап, құрылыс барысындағы кез келген мәселені құзырлы органдарға уақытылы жеткізу арқылы тиімді кері байланыс орнатпақ.
Бұл бастама – «AMANAT» партиясының ел ішінде жүргізіп отырған жүйелі реформалары мен әлеуметтік әділеттілікке негізделген жұмыс стилінің айқын дәлелі. Құрылыс жұмыстарының ашық түрде жүргізілуі, қоғам тарапынан бақылаудың болуы – азаматтардың сенімін арттырып қана қоймай, болашақ тұрғындарға сапалы әрі қауіпсіз баспана ұсынуға мүмкіндік береді.
Партия алдағы уақытта да халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған жобаларды үнемі назарда ұстап, нақты нәтижеге бағытталған бақылау жұмыстарын жалғастыра бермек.
Ақпарат Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік ақпараттық тапсырысы негізінде жарияланды.