Бүгінгі таңда Құлан ауылындағы орталық жол күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Маусым айының басында басталған жолдың біраз бөлігі аяқталып қойғанын айта кеткеніміз жөн болар. Ұзын -ырғасы 7,3 шақырым болатын орталық көшенің жалпы сметалық құны 379614,5 мың теңгені құрап отыр. Ал келісім шарт сомасы 359555,2 мың теңгенің шамасында.
Тапсырыс беруші Т.Рысқұлов ауданы әкімдігінің тұрғын үй, комуналдық-шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мақсат Дауытбековтың бізге берген мәліметтеріне сүйенсек, жұмыстың орындалу мерзімі 2 жылға жоспарланған екен. Дәлірек айтқанда, биыл 3,5 шақырымы жөндеуден өтетін болса, қалған 3,8 шақырымының құрылысы келесі жылға жоспарланған. Биылғы жол жөндеу жұмыстарына 150,0 млн. тенге бөлінсе, келер жылға 209,5 млн. теңге көлемінде қаражат қарастырылған екен. Сол себепті де, Құлан ауылының орталық көшесіндегі автомобиль жол құрылысы 2019 жылы толығымен аяқталады деп күтілуде.
Аталмыш жол құрылысын Сәбит Ахмет Мұратұлы басқаратын «Айя-Сервис» ЖШС-і сапалы түрде жүргізуде. Күрделі жөндеу жүріп жатқан аймақты аралау барысында, аталған мердігер компанияның жол құрылысын жүргізушісі Мейірман Шалабаев бізге жұмыс барысын бүге-шүгесінен дейін баяндап берді.
-Бүгінгі таңда жол құрылысы қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Жол бойында 10-ға жуық техника мен 20 құрылысшы тынымсыз тер төгуде. Жұмыстың 80 %-ы ауыр болғандықтан, барлық істерді техникамен еңсерудеміз. Ал қолмен атқарылатын жол шетіндегі жолақты толығымен орнатып біттік десе де болады. Бүгінге дейін 1,1 шақырым жол құрылысын аяқтап, қолданысқа беріп те үлгердік. Алдағы уақытта ауа-райы кері әсерін тигізбесе, үстіміздегі жылға жоспарланған жұмысты екі аптаның ішінде аяқтаймыз деген ойдамын,
– дейді үлкен істің тізгінін ұстаған Мейірман. Жалпы алғанда, ауданда атқарылып жатқан жұмыстар көп. Әр ауыл-аймақтарда қарапайым халық үшін жасалып жатқан істер көз қуантады. Автокөлік жолдарын жөндеу, алдыменен темір тұлпар тізгіндеген тұрғындарға қолайлы болатыны сөзсіз. Осындай жағымды жаңалықтар мен игі бастамалар көп болса, ауданымыздың әлеуеті артатындығына сеніміміз мол.