Таразда жастарға шабыт берген тамаша шара өтті
«Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы «Жас Отан» Жастар қанатының ұйымдастыруымен «Болашаққа сенімді қадаммен» атты жас көшбасшылар форумы өтті.
Шарада «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы Уалихан Болатбек форумды өткізудегі басты міндеттердің бірі жас көшбасшылар альянсын құру екендігін тілге тиек етіп, бүгінде өзі басқаратын жастар ұйымында 2731 мүше бар екендігін жеткізді.
Сондай-ақ ол ағымдағы жылдың қараша айында Астана қаласында «Жас Отан» Жастар қанатының кезекті IV съезді өтетіндігін айтып, оған өңірден ең белсенді 50 жас қатысатындығын хабардар етті. Бүгінде облыстың барлық ауылдық, аудандық елді-мекендерінде жастар қанатының жиналыстары өтіп, аталмыш схездге қатысатын жастардың легі жинақталып жатыр екен. Сондықтан ол жастарды белсенді болуға шақырды.
Мұнан соң Тараз қалалық мәслихатының депутаты Серікбол Берікқожа сөз тізгіндеп, биылғы жыл еліміз үшін айтулы оқиғаларға толы болғандығын атап өтті. Халық қалаулысы оның ішінде Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласына ерекше тоқталды. Сонымен қатар жас депутат өзінің тәжірибесімен бөлісіп, жастарды адами құндылықтарға баса назар аудару қажеттігін түсіндірді.
– Елбасының биылғы Жолдауы — Қазақстан үшін жаңғырудың Үшінші кезеңіне көшу арқылы жаһандық технологиялық бәсекелестікке ұмтылуға негізделеді. Ұлттың осындай міндеттерді орындауға әзірлігін пысықтайды. Президенттің сөзімен айтсақ, Үшінші жаңғыру — қазіргі жаһандық сын-қатерлермен күрес жоспары емес, болашаққа, «Қазақстан-2050» стратегиясы мақсаттарына бастайтын сенімді көпір болмақ. Яғни, жастар үшін жасалынып жатқан бағдарлама. Сондықтан Жолдаудың іске асырылуына баршамыз атсалысуымыз қажет, – деді Серікбол Берікқожа.
Форумда былғары қолғап шебері, жас боксшы Әбілхан Аманқұл шара туралы өз ойын жеткізіп, жастар қай салада жүрсе де биікке жеткізетін еңбек екендігін атап өтті.
Ал жас мемлекеттік қызметкер Мұстафа Ғаниұлы өзінің еңбек жолында атқарған жұмыстарымен бөлісіп, бүгінде сатылап өсіп келе жатқандығын жеткізді. Бастысы, тамыр-таныссыз ақ. Мәселен ол форум болып жатқан күні Жуалы аудандық әкімдігінің кеңсе бөлімінің басшысы болып тағайындалыпты.
Сондай-ақ үздік мемлекеттік қызметкер ретінде Елбасы Н.Ә.Назарбаевпен кездесуін мақтаныш ретінде емес, керісінше өзіне деген үлкен жауапкершілік жүктегендігін жеткізді. Бүгінде «Инстаграм» әлеуметтік желісінде түрлі қызықты видеоларымен елімізге танылып үлгерген Елдос Қадырханов жастарды бос уақыттарын тиімді пайдалана білуге шақырды. Сондай-ақ жас блогер әлеуметтік желіге кп телмірудің қажеттігі жоқ екендігін айтып, шынайы өмірде белсенді болу керектігін тілге тиек етті.
Жиында форум спикерлеріне қатысушы жастар түрлі сұрақтар қойып, тұшымды жауаптар алды. Осылай өрбіген«Болашаққа сенімді қадаммен» атты жас көшбасшылар форумы концерттік бағдарламамен қорытындыланды.