Елорда күніне орай «Таразға тарту» жобасы аясында облыс орталығында пайдалануға берілген нысандардың қатарында ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев атындағы саябақта орналасқан амфитеатр да бар. Бұл нысан Шу, Қордай аудандарының жауапкершілігімен, демеушілер есебінен күрделі жөндеуден өтіп, қайта пайдалануға беріліп отыр.
Ашық аспан астындағы амфитеатрда Қордай, Шу аудандары мен Тараз қаласының өнерпаздарының ұйымдастыруымен «Әлемге нұрын шашқан арман қала» атты мерекелік кеш өтіп, оған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы қатысты.
Іс-шараның ашылуы барысында облыстық мәслихаттың хатшысы Махметғали Сарыбеков сөз алып, мерекелік жиынның мән-маңызына тоқталды.
– Ағымдағы жылы облыс әкімінің бастамасымен «Таразға тарту» жобасын жүзеге асыру қолға алынғаны белгілі. Жоба аясында облыстағы он аудан мен облыс әкімдігінің басқармалары және мәслихат депуттатары қаладағы сквер, саябақтарды абаттандырып, тарту етуде. Ендігі біздің мақсатымыз – осы нысандарды күтіп-ұстап қана қоймай дамыту және мәдени бағытта пайдалану, – деді М. Сарыбеков.
Бұдан кейін мерекелік кеш Құрманғазы Сағырбайұлының «Сарыарқа» күйімен ашылып, жұртшылық Тараз қалалық Мәдениет үйінің «Көне тараз» және Шу ауданының «Әсем әуен» фольклорлық ансамбілінің, Қордай ауданының «Махаббат» ән-би ансамбілінің өнерлеріне тәнті болды. Кеш барысында күміс көмей Қарлығаш Қожағазина «Саған халқым-ай!» әнін нәшіне келтіріп орындаса, жез таңдай әншілер Жанатбек Кадиров, Мәдина Сағынбекова, Индира Хамзина, Қажет Орынқұл, Төлеген Тыдырбектер «Астана», «Өз елім», «Қазағым», «Елорда», «Қордайым» әнімен тыңдарманның құлақ құрышын қандырды. «Дауыс» квартетінің шырқауындағы Елбасының сөзіне жазылған «Город мой» әні де көпшіліктің жүрегінен жол тапты.
Мерекелік концерт соңында облыс әкімі көпшілікке керемет көңіл күй сыйлаған өнерпаздарға алғысын жеткізді.
– Облыс орталығы – Тараз қаласының және Қордай, Шу аудандарынан арнайы келіп, өнерін ортаға салған сахна майталмандарына мың алғыс! Осыдан бірнеше жыл бұрын осы жер тараздықтардың сүйікті орны еді. Десе де уақыт өте келе, тозығы жеткен нысандарды қалпына келтіру, заманауи келбетте ел игілігіне ұсыну – біздің міндетіміз. Бұл нысан «Таразға тарту» жобасы аясында қайта жаңғыртылып отыр. Жалпы осы саябақта абаттандыру бойынша әлі де бірқатар жұмыстар жалғасуда. Саябақтың ортасындағы су айдынын да қалпына келтіретін боламыз. Осындай әсем саябақ, заманауи келбетке ие болған нысан бос тұрмауы керек. Сол үшін де, алдағы қыркүйек айынан бастап нақ осы нысанда апта сайын әр ауданның күндерін өткізуді жоспарлаудамыз. Яғни, әр аптада әр аудан өзінің концерттік бағдарламасын ұсынатын болады, – деді Б.Сапарбаев.
Меркелік кешке куә болғандардың дені Тұңғыш Президент атындағы саябақ маңында орналасқан ықшамаудан тұрғындары екені даусыз. Солардың бірі – Қаратау шағын ауданының тұрғыны Әлімбек Бибазаоров.
— Жақын маңда тұратын болғандықтан бұл саябақта жиі серуен құрып, демалып тұрамыз. Кейінгі кезде тозығы жеткен саябақтың қайта сәні кіре бастағанына қуаныштымыз, – деді ол.
Аталған іс-шара барысында №6 қалалық кітапхананың әзірлеуімен «Елі ұлықтаған – Елбасы», «Нұр-Сұлтан – ұлы дала елінің Елордасы» атты кітап көрмелері ұйымдастырылды. Сондай-ақ балалар арасында асық атып, бірнеше спорттық ойын түрлерінен жарыс өтті.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі