Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында президенттің тапсырмасы бойынша Қазақстанның барлық өңірінде төтенше жағдай жарияланып, коменданттық сағат енгізілген еді.
Қауіптің сейілуіне байланысты бірқатар өңірлерде төтенше жағдай режимі алынып тасталды. Коменданттық сағат бұл – ешкім үйінен шығып, жолдарда жүруіне болмайы дегенді білдіреді. Бұл уақытта қала қарулы күштер, әскер, күш құрылымдары билігіне беріледі.
Orda.kz журналисі Исламбек Дастан Тараз қаласындағы 23:00-ден 07:00-ге дейін созылатын коменданттық сағат кезінде полиция қызметкерлерінің қалай әрекет ететінімен танысты.
– Полиция қызметінде жүргеніме 10 жылдай болды. Бұл мамандық кішкентай кездегі арманым болатын, үйдегі әкем, ағам полиция қызметкерлері болды. Тәртіпсіздіктер кезінде облыс әкімдігінің жанында қызмет еттік. Жолдастарым жарақат алды. Жаппай тәртіпсіздіктер кезінде түрлі жағдайлар болды, – деді полиция қызметкері Серікжан Ұяласов.
Коменданттық сағат кезінде ел тыныштығын күзететін полиция қызметкері тыйым салынған уақытта жүретін адамдар туралы айтып берді.
– Түнгі рейдте жүргенімізге бес күннен асты. Біздің экипаж 28-30 адамға әкімшілік хаттама толтырдық. Олардың ішінде коменданттық сағат туралы білмей қалдық дегендер де кездеседі. Дүкенге бардық, қонақтан келе жатырмыз дейді. Бірақ бұл ақталу емес, – деді Ұяласов.