19 сәуір күні сағат 09:45-те Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының перинаталдық орталығының қабылдау бөліміне 29 жасар қала тұрғыны толғағы қысқан жүкті әйел келіп түсті. Дәрігерлердің қарап тексеруінен кейін бірден консилиум ұйымдастырылып, онда босандыру әдісі туралы мәселе шешілді. Өйткені, шарана анасының құрсағына басымен емес, жамбас ұшымен, яғни бөкселермен келген және басқа да зерттеулерге қарағанда нәрестенің салмағы әдеттегіден үлкен көрініп тұрды.
Мамандардың айтуынша, кейде анасының құрсағына жамбаспен келген үлкен салмақты балалар табиғи жолмен туылады және бәрі жақсы болады. Бірақ бұл жағдайда қиындық тудырғаны — ұрықтың үлкен салмағы мен ананың метаболикалық синдромы.
Ана мен бала амандығын қамтамасыз ету үшін дәрігерлер шұғыл түрде кесір тілігі арқылы босандыру туралы шешім қабылдайды. Нәтижесінде сағат 10:46-да салмағы 5000 грамм және бойы 62 см болатын қыз бала дүниеге келді. Мұндай нәрестелер «алып» деп аталады.
Алып баланы дүниеге әкелген анаға хирургиялық араласу жасап, кесар тілігімен сәбиді аман-есен шығарған дәрігерлер, Бағдат Нұрмахан мен қабылдау бөлімінің меңгерушісі Ақерке Тоқбергенованың айтуынша, үлкен салмақты нәрестенің туылуы — қалыпты жағдай. Тек мұндай кезде, көбіне, салмақ анаға түседі. Бұл жолы көп қиындықсыз, үлкен ауырпалықтарға жол берілмей, сәби оңай туылды.
Жыл басынан бері перинаталдық орталықта 2135 бала дүниеге келсе,
оның ішінде 5000 граммнан жоғары салмақпен туылғандары – 13.
Дереккөз: Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі