«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында Тараз қаласындағы Көшек батыр және Желтоқсан көшелерінде «Таза қала үшін бірге!» атты экологиялық шара ұйымдастырылды. Аталған көшелер қаланың көлік және қоғамдық өмірінде маңызды орын алады. Олар тұрғындардың жұмысқа, оқу орындарына, сауда нүктелеріне және басқа да әлеуметтік нысандарға қатынауын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар бұл аумақта сауда нысандары, қызмет көрсету кәсіпорындары, демалыс орындары мен медициналық мекемелер орналасқан.
Экологиялық акция барысында белсенді жастар көшелерді тазарту және абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, тұрғын үйлердің маңындағы тұрмыстық қалдықтар мен шашылған қоқыстар жиналып, іргелес аумақ тазартылды. Бұдан бөлек, көше бойындағы арықтар ретке келтіріліп, қоқыстан арылды.
Осы қайырымды бастаманың ұйытқысы болған Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Азамат Лесбектің айтуынша, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы қоршаған ортаны қорғауға, қала тазалығын сақтауға және халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды жоба болып табылады.
– Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына ерекше көңіл бөліп, абаттандыру және тазалықты сақтау жөніндегі жүйелі шараларды өзінің қатаң бақылауында ұстап келеді. Тараз жастары Президенттің бұл бастамасын қолдап, апта сайынғы сенбіліктерге белсене қатысуда. Бүгін біз де қала орталығындағы маңызды учаскелердің бірін ретке келтіріп жатырмыз. Бұл – өзіміз күнделікті жүріп-тұратын орын. Сондықтан туған қаламыздың тазалығы үшін өзіміз де жауапты екенімізді ұмытпауымыз керек. Сонымен қатар тазалықты сақтау шараларының тәрбиелік мәні зор. Осындай жұмыстар арқылы қоғамның қозғаушы күші болып табылатын жастарға үлгі көрсетіп, оларда жауапкершілік сезімін оятамыз. Тәрбие тазалықтан басталатынын іс жүзінде көрсетіп жатырмыз деп есептеймін. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады, – деп атап өтті Азамат Лесбек.
Шараға 50-ден астам волонтер мен белсенді жас қатысты. Нәтижесінде тұрғын үй аумағынан бір тоннадан астам қоқыс шығарылып, көшенің іргелес учаскесі толық тазартылды.
Айта кетейік, осындай экологиялық іс-шаралар облыстың барлық аудандарында тұрақты түрде өткізіліп жатыр. Волонтерлер мен жастар аудан орталықтарындағы саябақтар мен аллеяларды, көшелерді, әлеуметтік нысандар мен қоғамдық орындардың аумақтарын тазартуға белсене қатысуда.
Акция барысында қатысушыларға қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қоғамдық орындарда тазалықты сақтау мәселелері де түсіндірілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар табиғатқа деген ұқыпты көзқарасты қалыптастыруға ықпал етіп, тұрғындарды туған өлкеміздің тазалығы мен абаттануына өз үлесін қосуға шақырады.
Жалпы Жамбыл облысында «Таза Қазақстан» акциясы айналасында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі таңда өңірде 48,5 мың түп көшет отырғызылып, 5,9 мың шақырым көше мен жол тазартылды. Сондай-ақ 1 210 шақырым арық жүйелері мен каналдар ретке келтіріліп, жалпы аумағы 804,8 мың шаршы метрді құрайтын паркілер мен скверлердің аумағы абаттандырылды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 13 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды.
«Таза Қазақстан» акциясы аясындағы осындай бастамалар өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға ғана емес, қоғамда тазалық пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға, сондай-ақ қоршаған ортаға ұқыпты қарау дағдыларын нығайтуға айтарлықтай үлес қосуда.







