2025 жылғы 4 маусымда Түркістан облысы Түлкібас ауданы Келтемашат елдімекенінің маңында Тараз-Шымкент бағыты бойынша I-б санатты ақылы автожолдың 653-ші шақырымында Shacman маркалы ірі габаритті жүк көлігінің (ұзындығы – 43,8 м, ені – 5,2 м, биіктігі — 5,2 м, салмағы — 124,8 т) қатысуымен жол-көлік оқиғасы орын алды. Жүк көлігі Тараз — Шымкент бағытында «РФ шекарасы (Жайсан ө\п) – Мәртөк – Ақтөбе (солтүстік айналма жолымен) – Қарабұтақ – Қызылорда –Шымкент (солтүстік айналма жолымен) – Тараз (айналма жолымен) – Қордай – Алматы – Қорғас – ҚХР шекарасы (Нұр Жолы ө/п)» автожолында келе жатқан. Машат асуында көлік құралының тежегіш жүйесі істен шығып, нәтижесінде жүргізуші көлік тізгініне ие бола алмады. Жүк көлігі екі бағыттағы жолды жауып, 220 метр қоршауға зақым келтірді. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ.
Қазіргі уақытта қозғалыс бір жолақпен ұйымдастырылуда. Жол қозғалысын толық қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жол жамылғысы құрғақ, жол белгілері орналасу тәртібіне сәйкес орнатылған. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Түркістан облыстық филиалы бұл көлік құралының қозғалысына рұқсат бермеген, себебі оның өлшемдері белгіленген нормативтерге сәйкес емес (ені — 5,2 м, биіктігі — 5,2 м). «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ тасымалдаушылар мен жүргізушілерді ірі көлемді және ауыр салмақты жүктерді тасымалдау ережелерін қатаң сақтауға, тиісті рұқсаттарды уақтылы алуға, сондай-ақ көлік құралдарының техникалық жай-күйін бақылауға шақырады. Бұл талаптарды елемеу заңнаманы бұзып қана қоймай, басқа да жол пайдаланушыларға қауіп төндіруі мүмкін. Мұндай жағдайда жол қозғалысының басқа қатысушылары зардап шегеді (кептеліс пайда болып, жолаушылардың уақыты шығындалады, төтенше жағдайлардың орын алу қаупі артады).
2025 жылғы 4 маусым сағат 18:30-да Түркістан облысында «РФ шекарасы (Жайсан ө\п) – Мәртөк – Ақтөбе (солтүстік айналма жолымен) – Қарабұтақ – Қызылорда –Шымкент (солтүстік айналма жолымен) – Тараз (айналма жолымен) – Қордай – Алматы – Қорғас – ҚХР шекарасы (Нұр Жолы ө/п)» автожолының 653-ші шақырымында жол-көлік оқиғасының орын алуына байланысты, осы жолдың 593-674 шақырымында және Жамбыл облысы бойынша 534-593 шақырым аралығында жүк көліктерінің қозғалысына шектеу қойылады. Жүк көліктері үшін жолды 2025 жылғы 5 маусым сағат 05:00-де ашу жоспарланған, — делінген хабарламада.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» баспасөз қызметі