Бүгінде облыс бойынша мемлекеттік тілді меңгерген ересек тұрғындардың үлесі 91,9 пайызды құрайды десек, қазақ тілінде сөйлеп, оқи алатын және жаза алатын халықтың үлесі 70,5 пайызға жеткен. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте тілерді дамыту және ономастика мәселелері талқыланды.
Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова орыс тілін меңгерген жамбылдықтардың үлесі 93,5 пайызды, ағылшын тілін меңгергендердің үлесі 27,7 пайызды, үш тілді меңгергендердің үлесі 27,8 пайызды құрайтынын хабарлады. Мемлекеттік органдарда құжаттама толықтай дерлік (99,2 пайыз) мемлекеттік тілде жүргізіледі.
— Статистика әлі де ойдағыдай емес. Бос сөз, құрғақ есеп үшін емес, нақты нәтижеге жұмыс істеу керек. Егер облыс тұрғындары үш тілді білетін болса, оларға үлкен мүмкіндіктер ашылады. Ел азаматтары Қазақстанның мемлекеттік тілін білу – бұл қажеттілік екенін түсінуі тиіс. Үлкендер өз балаларына үлгі көрсетіп, өздері қазақ тілінде сөйлеуі керек, одан бөлек бірнеше тілді де үйренуге ұмтылғаны дұрыс, — деді Бердібек Сапарбаев.
Қордай ауданында өткен жылдан бастап «Sóile» клубы мемлекеттік тілді оқыту курстарын ұйымдастыруда. Ол бойынша сабақтар ашық аспан астында өтеді.
— Мұндай курстарды облыс орталығында және барлық аудандарда ұйымдастыру қажет. Балалар жазғы демалыстарын тиімді өткізулері тиіс, — деп тапсырды облыс әкімі.
Өткен жылы Тілдерді оқыту орталығының қызметкерлері 2385 азаматқа қазақ тілін оқытса, оның 94 пайызы – түрлі этнос өкілдері. Биыл 4000 тыңдаушыны қамту жоспарлануда.
Жиынға қатысушылар ономастика саласындағы мәселелерді де саралап, ойларын ортаға салды. Рахия Тұрмаханбетованың айтуынша, елді мекендер мен көшелер атауының 12 пайызы өзгертуді қажет ететіндігі анықталған. Атап айтқанда, топонимикалық жүгі жоқ және аса танымал емес кісі есімдері, мағынасы жағынан ескірген 9 елді мекен және 563 көше 13 атауы жоқ жаңа көшелер, атауы қайталанатын 20 көше бар. Бейнеконференц-байланыс режимінде өткен кеңеске қатысқан аудан әкімдеріне өңір басшысы бұл мәселені бақылауға алуды тапсырды.
— Республикалық ономастикалық комиссия Тараз қаласының 29 көшесінің жаңа атауларын мақұлдады. Комиссия қазір 40 мектептің атауын өзгерту, соның ішінде Жалпақтөбе ауылындағы Мәдениет үйіне композитор Шәмші Қалдаяқовтың есімін беру туралы ұсыныстарды қарастыруда, — деп қосты Рахия Тұрмаханбетова.
Ол «Қоғамдық тіл инспекциясы» жобасы аясындағы рейдтер барысында жарнамалық тақтайшалардағы, билбордтар және басқа да көрнекі ақпарат құралдарындағы қателіктердің түзетіліп жатқанын жеткізді.
— Ономастика – бұл маңызды мәселе. Заң нормаларын басшылыққа алу қажет. Біз көшелерімізге өңіріміздің дамуына айрықша үлес қосқан адамдардың есімін беруіміз керек. Елді мекен атаулары да терең мағынаға ие болуы тиіс. Жамбылдықтар мақтан тұтатын, даңқты шопан, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған Жазылбек Қуанышбаевтың есімімен аталатын облыс орталығында әлі күнге дейін бірде-бір көше жоқ. Тараздың үлкен көшелерінің біріне оның есімі берілуі керек. Жас ұрпақ осындай ұлы адамдар туралы біліп өсуі тиіс, — деп қорытындылады облыс әкімі.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі