Ағымдағы жылдың 10 тамызында сағат 14.38-де Жамбыл облысы ТЖД Өрт сөндіру мекемесінің Күштер мен құралдарды жедел басқару орталығының «101» телефон нөміріне Тараз қаласы, Астана м/а көпқабатты тұрғынүй пәтерлерінің бірінде өрт оқиғасы орын алғандығы жөнінде хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына Тараз қаласы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің 2 өрт сөндіру автокөлігі мен 1 автосатысы және Кезекшілік өрт сөндіру қызметі, сонымен қатар Жедел-құтқару жасағынан 1 автокөлік,барлығы 16 адам жеке құрам шыққан. Өрт сөндіруші-құтқарушылармен шұғыл түрде жүргізілген барлау жұмыстарының нәтижесінде өрт орын алған пәтердің жуынатын бөлмесі мен дәретханасының өртке оранғандығы анықталған. Оқиға орнында 2 газ-түтіннен қорғау қызметінің буыны құрылып, қою түтін жайылған подъезд арқылы ішке кіріп, өрт сөндіру жұмыстарын жүргізген. Сондай-ақ өзге от жауынгерлері автосаты көмегімен жоғарғы қабаттардан 6 ересек адам мен 6 баланы құтқарған. Осылайша өрт сөндірушілердің кәсіби шеберліктері мен шұғыл әрекеттерінің арқасында пәтердегі өрттің одан әрі жайылуына жол берілмеген. Өрт сағат 14.49-да ауыздықталып, сағат 14.53-те толық жойылған. Өрттің ауданы 20 шаршы метрді құраған. Өрттен зардап шеккендер жоқ. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі мен келтірілген материалдық шығыны анықталуда.
Осыған орай Жамбыл облысы ТЖ департаменті Тараз қаласы мен облыс тұрғындарына үйден шығарда газ құраддарын сөндіріп, электр құралдарын ток көзінен суырып, қарттар мен балаларды қараусыз қалдырмай, өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Ал өрт туындай қалған жағдайда «101» немесе «112» телефон нөміріне қоңырау шалу қажеттігін естен шығармауды ескертеді.
Жамбыл облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің Қоғаммен байланыс тобы






