Жамбыл облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Тараз қаласындағы жылу беру маусымының аяқталуы туралы» брифинг өтті. Брифингке Тараз қаласы әкімінің орынбасары Мақсат Кеңесханұлы және қалалық тұрғын — жай коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бақытжан Алпысұлы қатысып, белгіленген тақырып аясында мәлімдеме жасады.
Мақсат Кеңесханұлының ақпаратынша, жылыту маусымы аяқталған соң Тараз қаласында көпқабатты үйлерді ыстық сумен қамтамасыз ету жылу таратушы мекемелердің құзіретінде, олардың жұмыс кестесіне байланысты. Өйткені, олардың бірнешеуі жылыту маусымы аяқталған соң біршама уақыт жылу тарату жүйесіне жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. Бұл жұмыстар су таратудың сапасын арттыру мақсатында жасалып отырған жұмыстар. Жылу тарату жүйелерін жөндеу «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында қолға алынған. Өткен жылы Тараз қаласында жылу желілерінің 36,14 шақырымы жаңғыртылды.
Сондай-ақ, апаттық-диспетчерлік бөлімшелері тәулік бойы қызмет көрсетті. Жылыту маусымында апаттық жағдайлар мен техникалық кемшіліктер болған жоқ.
Қалада 1190 көппәтерлі тұрғын үй, 32 денсаулық сақтау, 123 білім беру нысандары орталықтандырылған жылу жүйесімен қамтамасыз етіледі.
Отын-энергетика кешені мекемелері жылыту маусымында 706 мың 362 Гигакалорий жылу энергиясын өндіріп, 4 млрд. 776 млн. 361 мың 372 теңгеге қызмет көрсетілді, 99 млн. 892 мың 423 текше метр табиғи газ тұтынылды.
Жылу қазандық саны — 52, оның ішінде: жылу қуаттылығы 100 Гкал/сағ. жоғары — 3, жылу қуаттылығы 100 Гкал/сағ. төмен — 49. Қазан (котел) саны — 184, резервтік қазан — 77.
Жылу және ыстық су қызметтерінің қарызы — 134,943 млн. теңге, оның ішінде: тұрғындар қарызы — 127,094 млн. теңге, — деп хабарлады М.Ахаев.