Тараз қаласы әкімдігі конкурссыз 4,6 млрд теңгеге келісімшарт жасаған

204
ҚАРАЛЫМ
Тараз қаласы әкімдігі тікелей бір дерекөздерден сатып алу бойынша 4,6 млрд теңгеге келісімшарт жасады.

Құны 4,6 млрд теңгені құрайтын келісімшарттардың тапсырыс берушісі – «Жамбыл облысы Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі. Тапсырысты орындаушы – «Жасыл Ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

Келісімшарт мақсаттары: Тараз қаласы көшелерін санитарлық тазалау және күтіп ұстау, Тараз қаласындағы кәріз сорғы стансаларына, су бұрқақтарына және сумен жабдықтау жүйелеріне техникалық қызмет көрсету, қала аумағын абаттандыру, көшелерді мен саябақтарды, алаңдарды, орамішілік аумақтарды тазалау, сондай-ақ қоқыс шығару бойынша қамтамасыз ету қызметі, қысқы уақытта жолдарды күтіп ұстау.

Айта кетейік, «Жамбыл облысы Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы мен оның орынбасары екі түрлі қылмыстық іспен сот алдында жауап беруде. Ұлттық қауіпсіздік комитеті бөлімінің орынбасары болған Мақсат Нұржанов 1,2 млн пара алған жерінен ұсталып, сотта толық кінәсін мойындады және 4 жылға сотталды.

Ал бөлім басшысы болған Зият Тұрсынұлы мен «ЕрК Астана» ЖШС басшысына қатысты қылмыстық іс әлі күнге дейін сотта қаралап жатыр.

Осы уақытқа дейін Тараз қаласы әкімдігі бөлімдерінің конкурссыз келісімшартқа тұруы туралы бірнеше рет жазған болатынбыз. Жыл басында Жамбыл облысы әкімі Нұржан Нұржігітов жиын өткізіп, конкурссыз келісімшартқа тұрған жағдайда «жұмыстан қууға дейін барамыз» деп қатаң ескерткен болатын. Бұл үшін жауапкершілік арқалар ма екен? Оны уақыт көрсетеді.

Автор: Арсен Жақсылық

  • Маңызды
  • Пікірлер
  • Соңғы