Бүгін Сыбайлас Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаменті және «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі Байзақ ауданында «ХАЛЫҚТЫҚ ЗАҢГЕР» акциясын ұйымдастырды. Іс-шара барысында, аудан ауыл жұртының түйіткілді мәселелері тыңдалып, оны шешу жолдары қаралды. Атап айтсақ, аудан халқына консультациялық кеңес беру үшін 11 түрлі сала қызметкерлері қоғамдық қабылдау өткізді. Олардың ішінде облыс, қала және ауданның білікті мамандары бар. Бұл акцияның негізгі мақсатына тоқталар болсақ, ауылды елді-мекендердегі түрлі тұрмыстық жағдайларға байланысты проблемалар мен түйіні тарқамаған мәселелерін жауапты сала өкілдерімен бірлесе шешу. Бүгінгі қоғамдық қабылдау барысында, Байзақ ауданы Көктал ауылындағы «Оша» алқабының тұрғындары жарықтың қуаты төмен екендігін айтып келді. Соның салдарынан, тұрмыстық техникалар күйіп шығынға батқан. Департамент басшысының бірінші орынбасары Равиль Қуанышбайұлы, бұл мәселені жауапты сала өкілдерін тарта отырып, оң жақты шешу жолдарын қарастыруды ұсынды. Ал, жауапты мамандар қараша айының соңына дейін трансформатор орнатса, тұрғындардың талап-тілегі орындалмақ.






