Тараз қаласында VI облыстық «Студенттік бал — 2018» шарасы өтті. Балдың негізгі ұйымдастырушысы облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелер басқармасы болып табылады. Студенттер асыға күткен мерекеде «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшы орынбасары Айбек Таутен алғашқы болып сөз алып, шақырылған студенттерді өткен мерекелерімен құттықтады. Кешке алғаш рет Тараз мемлекеттік педогогикалық университетінің ректоры, э.ғ.д. профессор Ержан Әмірбекұлы қатысты. Салтанатты шарада жылдың үздік студенттері анықталған болатын. Сонымен «Үздік студент — 2018» номинациясына Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің студенттері Алина Мейірбекқызы, Нұрай Үсен, Жамбыл экономикалық және ақпараттық колледж студенті Рахат Мұталхан, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің студенттері Берік Дәуренбеков пен Айдана Әбдін, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің студенті Ғалия Абылай лайықты деп табылып, планшеттерге ие болады. Ал, «Үздік КДМ — 2018» номинациясында Тараз инновациялық гуманитарлық университеттің жастар ісі жөніндегі комитет басшысы Назгүл Әбітаева мен Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің жастар ісі жөніндегі комитет басшысы Абылайхан Жалғасбай жеңімпаз болып танылса, «Жыл студенті — 2018» номинациясына М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің студенті Аяулым Ерниязова мен Тараз «Болашақ» колледжінің студенті Медет Нұрділдаұлы лайықты деп танылып, олар ультрабук иесі атанды. Жеңімпаздар түрлі сыйлықтарға ие болып, шара жастардың би жарасы мен дискотекаға ұласты.
Шара өз деңгейінде өтті. Дегенмен жылына бір рет қана өтетін салтанатты мерекеге облыс әкімі немесе оның орынбасары арнайы келіп қоғамдық жұмысқа белсене атсалысып жүрген студенттерді құттықтап кете алмағаны жастарды қынжылтқанын жасырмаймыз?! Әлде жастар саясаты мәселелер басқарма басшысы бойын көрсетуге жасқанды ма?! Мәди Мейірбекұлы бұл мақаланы оқып өзінің жауабын берер. Бірақ, жылына жалғыз мәрте өтетін студенттер мерекесінде мереке иелерінің ортасында аз ғана уақыт болу әкім үшін қиындық тудырмас еді. Не десе де Әкімнің баллы деп есептеліп кеткен шараның деңгейін түсіру кімдерге оңтайлы? Әкімнің төбе көрсетпегені кешірімді. Өңірде атқарылып жатқан шаруа шаш етектен. Бірақ аядай ғана басқарманың басшысы, жастардың жанашыры болып жүрген Мәди Мәтеннің баллға қатыспауы көңілге көп сұрақ ұялатты. Өңірдегі барша жастың көшбасындағы азаматтың бұл қылығын құптай алмаймыз. Атқарушы биліктің есіне 2019 жыл — Жастар жылы екендігін тағы да сала кету керек шығар. Жастардың тарапынан орындалып жатқан жақсы іс-шаралар толық көлемде мақсатты топпен бірлесе ұйымдастырылып жатқанын зор нәтиже деп есептеу керек.
Исламбек Дастан