Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы төрағасының міндетін атқарушы Самат Тауасаров мәлімдеді.
Сот өкілінің айтуынша, жыл басынан бергі алты ай ішінде сот актілерін орындамау деректері бойынша бірнеше әкімшілік хаттама толтырылып, құқық бұзушыларға айыппұл салынған. Ең ірі жаза жеке сот орындаушы Бейбітәлі Жамбылұлы Бесбаевқа қолданылып, оған 216 250 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл өндірілген.
Ал, сот шешімдерін орындамағаны үшін Жамбыл облысы әкімі аппаратының заң қызметі бөлімінің басшысы Қуандық Алдабергеновке, жеке сот орындаушы Мадияр Қойшыбайұлы Мақашовқа, Жамбыл облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Еркін Оразұлы Алтишевке, жеке азамат Үмітбек Рысқұлұлы Ибрагимге және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Жамбыл облысы бойынша Шу аудандық тіркеу және кадастр бөлімінің басшысы Арнұр Смағұловқа 86 500 теңгеден әкімшілік айыппұл салынған.
Бұл деректер сот актілерін орындау мәселесінің әлі де өзекті екенін аңғартады. Заң талаптарына сәйкес, соттың заңды күшіне енген шешімдері барлық мемлекеттік органдар, лауазымды тұлғалар, заңды тұлғалар мен азаматтар үшін міндетті. Сондықтан мұндай талапты орындамау әкімшілік жауапкершілікке әкеледі.
Бір қызығы, жауапқа тартылғандардың арасында мемлекеттік аппарат өкілдері де бар. Әдетте заңның орындалуын қамтамасыз етуге міндетті мемлекеттік қызметкерлердің өздері сот актілерін орындамағаны қоғам назарын аудартпай қоймайды. Бұл жағдай мемлекеттік органдардың сот шешімдерін орындау мәдениеті мен атқарушылық тәртібіне қатысты заңды сауалдар туындатады.
Ендігі мәселе – айыппұл салумен ғана шектелмей, сот шешімдерінің толық әрі уақытылы орындалуы. Себебі құқықтық мемлекет қағидатының басты талаптарының бірі – сот актілерінің бұлжытпай орындалуы. Ал заң талаптарын елемеген кез келген тұлға, атқаратын қызметіне қарамастан, заң алдында бірдей жауап береді.






