Тараз қаласының №2 сотында бұрынғы лауазымды тұлғалар мен кәсіпкерлерге қатысты резонансты қылмыстық іс бойынша сот процесі шешуші кезеңге жетті. Іс бойынша Арман Абдешов, Алмасбек Бөбеев, Нұрбол Жүнісбеков, Қасиет Тәшімбетов және Нұрбол Нұртаев сот алдында жауап беріп жатыр. Бұған дейін жарияланған деректерге сәйкес, оларға аса ірі мөлшердегі қаражатты иемдену немесе ысырап етуге қатысты айып тағылған, ал Нұрбол Нұртаевқа қосымша қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру бойынша айып тағылған.
Сот жарыссөзінде мемлекеттік айыптаушы Нұрбол Нұртаевқа 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын, ал Арман Абдешов, Алмасбек Бөбеев, Нұрбол Жүнісбеков және Қасиет Тәшімбетовтің әрқайсысына 7 жылдан бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Сот барысында Қасиет Тәшімбетов пен Нұрбол Жүнісбеков кінәларын ішінара мойындады. Бұған дейін Тәшімбетов сотта мемлекетке келтірілген залал ретінде есептелген 25 млн теңгені, Нұрбол Жүнісбековтің жақын туыстары 117 млн теңгені қайтарғанын айтқан болатын.
Ал Нұрбол Нұртаев, Арман Абдешов және Алмасбек Бөбеев өздерін ақтауды сұрады.
Қорғау тарапы сараптамаға күмән келтірді
Арман Абдешовтің адвокаты сот жарыссөзінде қорғау тарапының позициясын білдіріп, болған жағдайды «провокация» деп бағалады.
Қорғау тарапының негізгі уәждерінің бірі сараптамаға қатысты болды. Адвокаттың айтуынша, сарапшы ретінде танылған Тамара Борисовна Залогина қорытынды жасағанда 2024 жылғы 18 қыркүйекте өзгеріс енгізілген нормативтік құқықтық актіге сүйенген, ал іс бойынша сөз болып отырған жұмыстар 2021–2023 жылдары орындалған.
Бұл мәселе сот процесінің бұған дейінгі кезеңдерінде де көтерілген. Ашық деректерде қорғау тарапы жобалар әзірленген кезеңнен кейін күшіне енген талаптарды бұрын орындалған жұмыстарға қолдануға қарсылық білдіргені жазылған. Сондай-ақ сотта сарапшы қорытындысының негізділігі мен нақты залалдың бар-жоғы тараптар арасындағы негізгі даулы мәселелердің бірі болды.
«3,9 млрд теңге айналымы бар кәсіпкер»
Нұрбол Нұртаевтың адвокаты да тағылған айыппен келіспей, қорғау позициясын білдірді. Ол Нұртаевты 3,9 млрд теңге айналымы бар кәсіпкер деп атап, істің артында кәсіпкерді нарықтан ығыстыруға мүдделі бәсекелестер болуы мүмкін деген пайым айтты.
Бұл — қорғаушы тараптың сотта айтқан болжамы, оның шынайылығына сот әлі құқықтық баға берген жоқ.
Осыған дейін сотта Тараз қаласындағы 11 егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы, орындалған жұмыстардың техникалық талаптарға сәйкестігі, сараптама қорытындысы және мемлекетке нақты залал келтірілді ме деген мәселе кеңінен талқыланған болатын. Қорғау тарапы мемлекеттік аудит материалдарында бірқатар сәйкессіздіктер көрсетілгенімен, залал нөл деп белгіленгенін алға тартқан.
Қазір тараптардың жарыссөзі аяқталды. Ендігі кезекте сотталушылардың соңғы сөзі тыңдалады. Одан кейін сот үкім шығару үшін кеңесу бөлмесіне кетеді.
Айыпталушылардың кінәлі немесе кінәсіз екендігі туралы түпкілікті шешімді сот қабылдайды.
TURANINFO.KZ тілшісі
сот залынан







