Елордалық полицияға қала тұрғындары шетелге жалған билет сатқандардың үстінен арыз түсірген. Күдікті жәбірленушілерге арзан бағада Вьетнамға әуе билеттерін сату жөнінде ұсыныс білдіргені мәлім болды. Елорда тұрғындары билеттердің бағасын онлайн төлеммен жіберген, төлемді алған соң, ол жәбірленушілерге жалған билеттің электрон нұсқасын жіберді. Ұшатын күні әуежайда жәбірленушілер алданғанын түсініп, сан соғып қалған.
Нұра ауданының Криминалдық полиция қызметкерлері жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде алаяқтық жасады деген 33 жастағы күдіктіні анықтап, ұстады.
Бұл дерек бойынша қылмыстық іс тіркелді. Тергеу кезінде күдіктінің тағы 70 ұқсас қылмысқа, соның ішінде Алматы қаласында да, қатысты болғаны анықталды.
Осылайша жалпы 20 миллион теңгеге жуық шығын келтірген. Күдікті алған ақшаны өз қажеттілігіне жұмсаған. Қылмыскер Уақытша ұстау изоляторына қамалды.